Каспийдегі трагедия: Хайрушевтің ата-анасы ұлының ұсталуына байланысты үндеу жариялады

Видео кадры

Каспийде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін ұсталған Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің отбасы билікке видеоүндеу жолдады. Олар істің әділ әрі жан-жақты тергеліп, болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуын сұрайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Үндеудің басында Хайрушевтің ата-анасы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты.

– Біз – Данияр Хайрушевтің ата-анасымыз. Ең алдымен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына шын жүректен көңіл айтамыз. Олардың қайғысын жақсы түсінеміз. Өйткені өзіміз де осындай ауыр қасіретті бастан өткеріп, екі ұлымыздан айырылғанбыз.

Отбасының басты өтініші – істің әділ тергелуі.

– Біз бір ғана нәрсені сұраймыз – тергеу әділ әрі объектив жүргізілсе екен. Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, асығыс қорытынды жасалмаса дейміз. Біз бәріне бірдей әділдік болғанын қалаймыз, – деді олар.

Ulysmedia.kz бұған дейін Данияр Хайрушев туралы жазған еді. 1-дәрежелі капитан 2026 жылдың көктемінде Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы болып тағайындалған.

Іс туралы не белгілі?

24 қыркүйекте «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінде 17 әскери қызметші суға кеткен еді. Үшеуі аман қалып, 14 адам қаза тапты.

Қайғылы оқиғадан кейін командалық құрамдағы бес адам ұсталды. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары да бар.

Тергеу барысында оқу-жаттығудың қалай ұйымдастырылғаны, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, ауа райы, катердің техникалық жағдайы және жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеті тексеріліп жатыр.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев армия жұмысын түбегейлі қайта қарауды талап еткен.

Мемлекет басшысы бейбіт уақытта әскери қызметшілердің қаза табуын кәсібиліктің төмені мен жылдар бойы шешілмей келген жүйелі мәселелердің салдары деп бағалады.

Қауіпсіздік кеңесі мен Қорғаныс министрлігіне он күн ішінде әскери реформаның нақты жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Оның аясында басқару жүйесін, кадрлық тағайындауларды, шығындарды және әскери қызметшілерді даярлау тәсілдерін қайта қарау көзделіп отыр.