Үндістанда қазақстандық спортшы кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінді

Ulysmedia.kz коллажы

Үндістан полициясы 34 жастағы қазақстандық Мақсат Аязбаевты іздеп жатыр. Бұрын кәсіби велошабандоз болған ол кейін Үндістан құрамасында бапкер болып жұмыс істеген. Кәмелетке толмаған спортшы Аязбаевты өзін зорлады деп айыптаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Жергілікті БАҚ мәліметінше, оқиға 13 қыркүйекте Патиала қаласындағы Нетаджи Субхас атындағы Ұлттық спорт институтының аумағында болған.

Спортшы қыз полицияға 18 қыркүйекте арыз түсірген.

Оның шағымынан кейін Үндістанның Қылмыстық кодексі және кәмелетке толмағандарды жыныстық сипаттағы қылмыстардан қорғайтын POCSO заңы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

– Қазақстан азаматын іздеу үшін бірнеше полиция тобы құрылды. Құқық қорғау органдарына қылмыс жасалғаннан кейін бапкердің Делидегі оқу-жаттығу лагерлерінің бірінде болғаны туралы ақпарат түскен. Алайда кейін ол ізін суытқан, – деп жазады The Times of India.

Қазақстандықтың төлқұжаты полицияда екені де хабарланды.

Оған қатысты Look Out Circular та шығарылған. Бұл – шекара және көші-қон қызметтеріне жолданатын арнайы ескерту. Оның мақсаты – күдіктінің Үндістаннан шығып кетуіне жол бермеу.

Ол Азия ойындарына бармады

Мақсат Аязбаев Үндістан құрамасымен бірге Жапонияда өтетін Азия ойындарына баруға тиіс болған.

Алайда айып тағылғаннан кейін оның сапарына берілген рұқсаттың күші жойылды.

Үндістан велоспорт федерациясы қазақстандықты жұмыстан уақытша шеттетіп, істі өзінің ішкі комиссиясына жолдаған.

Кәмелетке толмаған спортшы медициналық тексеруден өткен. Оған психологиялық және заңгерлік көмек те көрсетілген.

Велошабандоздың Үндістанға жолы қалай түсті?

Мақсат Аязбаев – 34 жастағы қазақстандық бұрынғы кәсіби велошабандоз.

Ол 1992 жылғы 27 қаңтарда дүниеге келген.

Аязбаев бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде Сарқанда туғанын, төрт жасынан бастап Талдықорғанда тұрғанын айтқан.

Алғашында тенниспен айналысып, кейін велоспортқа ауысқан.

Кәсіби деңгейде тасжолдағы веложарыстарға қатысқан.

2012–2014 жылдары Astana континенттік командасының құрамында болды. Кейін негізгі Astana Pro Team сапына ауысып, 2014–2016 жылдары осы команда атынан өнер көрсетті.

Оның жетістіктері арасында 2012 жылғы Болгария турында жалпы есепте жеңіске жетуі, 2013 жылы Италиядағы Trofeo Internazionale Bastianelli жарысында топ жаруы, 2014 жылы Мексика турында екінші орын алуы және жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлде иеленуі бар.

2018 жылы Аязбаев мансабын аяқтады.

Сол кезде ол спортқа 17 жылын арнағанын айтып, бапкерлік және әкімшілік жұмысқа ауысуға шешім қабылдаған.

Оның бұл бағыттағы алғашқы қызметі Алматыдағы Apple Team командасының спорт директоры болды.

Аязбаев бұл команданың құрылуын қазақстандық велошабандоздарды дамытуға арналған маңызды жоба деп атаған және жобаның жүзеге асуына сол кездегі Алматы әкімі Бауыржан Байбектің қосқан үлесін атап өткен.

Кейін ол Almaty Cycling Team командасында спорт директоры болып жұмыс істеді. 2024 жылы әйелдер арасындағы Astana Dewi Women Team командасында спорт директорының көмекшісі қызметін атқарды.

2025 жылы халықаралық ProCyclingStats базасында Аязбаев Қытайдың Shenzhen Kung Cycling Team командасының спорт директоры ретінде көрсетілген.

Спортшы Үндістанға қалай барғанын 2026 жылдың көктемінде спорт журналисі Иван Резванцевке берген сұхбатында егжей-тегжейлі айтып берген.

Оның сөзінше, Үндістан велоспорт құрамасының өкілдері оған 2025 жылы өздері ұсыныс жасаған. Аязбаев бірден келісе қоймаған.

– 2025 жылы Үндістан велоспорт құрамасының өкілдері маған шықты. Ұсынысты ұзақ зерттедім, ақыры келісім бердім, – деген еді Аязбаев.

Фото: astanafans.com

Ол ұсынысты қабылдауына бірнеше себеп болғанын айтқан. Соның ішінде ұзақ мерзімге жұмыс істеу мүмкіндігі, құрама жасақтауға болатын спортшылар санының көп болғаны және өзіне берілген толық еркіндік бар.

Аязбаевтың айтуынша, келісімшарт 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дейін жасалған.

Оның қарамағында ересектер мен жастар құрамасы – 15 ер және 10 әйел спортшы, сондай-ақ, жасөспірімдер болған.

Қазақстандық маманнан бөлек, бапкерлер штабының құрамына алты жергілікті жаттықтырушы, үш механик, дәрігерлер мен массаж мамандары кірген.

2026 жылдың басында Аязбаев Үндістанда ұлттық құраманың бас бапкері ретінде ресми түрде көрсетіле бастаған.

Қаңтарда халықаралық Pune Grand Tour көпкүндігінің алдында ол дәл осы қызметте сөз сөйлеп, үндістандық велошабандоздардың халықаралық жарыстарға дайындығы туралы айтқан.

Ulysmedia.kz редакциясы пікір алу үшін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдаған.