Қазақстанмен көршілес елде азық-түлік саласындағы жағдай ушыға түсті: елдің екі өңірінде астық, майлы дақылдар және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері элеваторларға сыймай, төтенше жағдай режимі енгізілді. Санкциялар мен Қара теңіз порттарындағы экспорттық инфрақұрылымның бұзылуы салдарынан Ресейден Түркияға астық тасымалы тоқтаған. Жалпы экспорт көлемі де былтырғы жылмен салыстырғанда кемінде төрт есе азайған. Ресей билігі бидай мен майлы дақылдарды өткізуге жаңа нарықтар іздеп, экспорт географиясын шұғыл кеңейтуге тырысып жатыр. Оның ішінде қазір Қазақстан өнім жеткізіп отырған нарықтар да бар. Ulysmedia.kz Ресейдегі биылғы мол өнімнің Қазақстанға және әлемдік нарыққа қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін анықтауға тырысты.
Өнім бар, ақша жоқ
Қыркүйекте Ресейдің бірден екі ірі аграрлық өңірінде жиналған өнімге сұраныс болмай, төтенше жағдай режимі енгізілді. Алдымен Ростов облысы, кейін Краснодар өлкесі осындай шешім қабылдады.
Дрон шабуылдары мен бірқатар порттың жұмысын тоқтатуынан кейін Азов және Қара теңіз арқылы астық шығаратын қалыптасқан бағыттар шектелді. Мәселен, былтыр Ресейден 200 мың тонна астық сатып алған Түркия биыл небәрі 6,1 мың тонна алуға келіскен.
Экспорттың құлдырауымен бірге ресейлік астықтың бағасы да төмендеді. «СовЭкон» талдау орталығының дерегінше, маусымнан бері Ресейдегі бидайдың ішкі бағасы шамамен 40 пайызға түскен. Кейбір өндірушілер үшін бұл баға тіпті өнімнің өзіндік құнынан да төмен.
Ресейлік компаниялар жүкті Балтық теңізі мен тіпті Арктика порттары арқылы жөнелтуге тырысып жатыр. Алайда жаңа бағыттар бұрынғы тасымал көлемінің орнын әзірге толтыра алмай отыр.
Ресей астық одағының мәліметінше, қыркүйектің екінші онкүндігінде Ресей 347 мың тонна бидай экспорттаған. Бір жыл бұрын осы кезеңде бұл көрсеткіш 1,3 млн тонна болған. Осы аралықта ресейлік астық сатып алатын елдердің саны 29-дан сегізге дейін азайған.
Қазақстан бұл дағдарысты алдын ала болжады ма?
Қара теңіз бағытындағы шығынның орнын толтыру үшін Ресейдің басқа экспорттық нарықтардағы үлесін арттыруға тырысуы заңды. Ал олардың кейбірінде Қазақстан да сауда жасайды.
Атап айтқанда, қазақстандық астықтың ірі сатып алушылары саналатын Өзбекстан мен Ауғанстан жыл өткен сайын Ресейден ұнды көбірек сатып алып келеді.
Оның үстіне, 2022–2023 жылдары Украинадағы соғыс салдарынан Ресей астығын экспорттауда алғашқы қиындықтарға тап болған кезде, ресейлік бидай Қазақстанның өз нарығында отандық өнімді ығыстыра бастаған еді. Трейдерлер оны түрлі көлеңкелі жолмен сатып алып, қазақстандық өнім ретінде әрі қарай экспорттады. Отандық өңдеушілер де қазақстандық емес, ресейлік бидайды алуға ұмтылды. Себебі оның бағасы арзан болды.
Қазір Ресей астық одағы бидайдың орташа бағасын тоннасына 8,9 мың рубль деп көрсетіп отыр. Теңгеге шаққанда бұл шамамен 54 мың теңге. Ал қазақстандық бидайдың тоннасы кемінде 88 мың теңгеден саудаланып жатыр.
Дегенмен Қазақстан астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов бұрынғы жағдай қайталанбайды деп есептейді.
– 27 шілдеден бастап Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі бидай импортына алты ай мерзімге шектеу енгізді. Бидайды тек министрлік бекіткен тізімдегі отандық өңдеушілер мен құс фабрикалары импорттай алады. Бұрын қолданылған схемалардың жолы жабылды, – дейді ол.
Ал Ресейдің қазақстандық бидайдың негізгі импорттаушылары – Өзбекстан мен Ауғанстан нарығындағы белсенділігін күшейту ықтималдығын Евгений Карабанов жоққа шығармайды. Бірақ оның сөзінше, бұл қазақстандық астық трейдерлеріне айтарлықтай қауіп төндірмейді.
– Бұған кедергі болатын бірнеше фактор бар. Біздің және көршілес елдердің теміржол инфрақұрылымының өткізу мүмкіндігі шектеулі. Орталық Азия мен Ауғанстан бағытындағы транзиттік тариф жоғары. Оның үстіне астық сапасы да әртүрлі. Бізде биыл ақуызы мол, сапасы жоғары үшінші сұрыпты бидай басым. Ресейдегі өнімнің едәуір бөлігі жемдік астық, негізінен төртінші және бесінші сұрып, – дейді ол Қазақстан астық өндірушілерінің артықшылықтарын атап өтіп.
Май, жүгері және өзге өнімдер
Соған қарамастан Карабанов бәсекенің күшейетінін жоққа шығармайды.
Оның үстіне, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі арзан ресейлік өнімнен негізінен астық экспорттаушыларды ғана қорғап отыр. Ал қазақстандық ұн өндірушілердің Ресейден бидай сатып алып, оны осында өңдеуіне мүмкіндік бар.
Бұл ішкі нарыққа өнім сататын қазақстандық шаруалар ресейлік астықпен бәсекелесуге мәжбүр болады деген сөз.
Ал Ресей енді алыс нарықтарға бұрынғыдай еркін шығара алмай отырған майлы дақылдар мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің Қазақстанға импортталуына ешқандай шектеу жоқ.
– Қазір арзан ресейлік шикізаттың арқасында бізде ұн, күнбағыс майы және кейбір жармалардың бағасы өспеуі мүмкін. Бірақ агроөнеркәсіп саласында тек бүгінгі күнмен өмір сүруге болмайды. Егер қазақстандық шаруа биыл өнімін лайықты бағаға сата алмаса, келесі маусымда егістікке химиялық өңдеу жүргізуге де, тұқым себуге де қаражаты жетпей қалуы мүмкін. Соның салдарынан келесі жылы бұдан әлдеқайда күрделі мәселеге тап болуымыз ықтимал, – деп ескертеді Карабанов.
Тұрақсыздық тудыратын астық
Қазақстан үшін бұл қауіптер әзірге болжам күйінде болса, Ресей үшін нақты мәселеге айналып отыр. Елдің екі ірі аграрлық өңірінде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне де осы себеп болды.
Бұл өңірлерде күздік дақылдар егілетін алқап көлемі үштен бірге жуық қысқарған. Жергілікті мамандар көктемде жағдай одан әрі қиындауы мүмкін деп қауіптенеді. Өйткені шаруалардың жаңа егіс науқанын өткізуге қаражаты қалмауы ықтимал.
Карабановтың айтуынша, бұл тек Ресейдің емес, бүкіл әлемнің мәселесіне айналуы мүмкін.
– Ресей мен Украина астығы – әлемдік нарықтағы жалпы көлемнің шамамен 30 пайызы. Қазір бұл өнімнің едәуір бөлігі әлемдік нарықтан шығып қалды. Қалған елдер үшін мұның бір ғана салдары бар – бидайдың әлемдік бағасы өседі. Мұның немен аяқталатыны оқиғалардың әрі қарай қалай өрбитініне байланысты. Бірақ жағдайдың қаншалықты маңызды екенін түсіну үшін 2008–2009 жылдарды еске салу жеткілікті. Ол кезде әлемде өнім азайып, азық-түлік бағасы күрт өскен соң, кейін «Араб көктемі» басталды, – дейді ол.
Қазақстандық сарапшы жағдайды әдейі ушықтырып көрсеткісі келмейтінін, алайда қазіргі ахуалдың шынымен де қолайсыз бағытта дамып жатқанын айтады.
Украина да, Ресей де егіс алқаптарын қысқартып жатыр. Бұған қоса, келесі жылы ауыл шаруашылығына аса күшті Эль-Ниньо құбылысы да әсер етуі мүмкін.
– Эль-Ниньо құрғақшылық қаупін күшейтеді. Соның салдарынан өнімнің шамамен 50 пайызына дейін жоғалту қаупі бар. Күзде және көктемде егістікке химиялық препараттарды талапқа сай енгізу құрғақшылықтың зардабын біршама азайтуы мүмкін. Алайда қазірдің өзінде бұл елдердің қажетті агротехникалық шаралардың бір бөлігін орындай алмағаны байқалады, – деп ескертеді ол.
Оның үстіне, қазіргі астық дағдарысы 2008–2009 жылдардағы жағдайдан да ұзаққа созылуы мүмкін.
– Тіпті қазір немесе алдағы бір-екі айда бітімге не бейбіт келісімге қол жеткізіліп, астық келісімі қайта жасалса немесе астық экспорттаудың басқа жолдары табылса да, Қара теңіздегі порт инфрақұрылымын қалпына келтіру қажет. Оның өзіне шамамен жарты жыл кетеді. Қысқы жағдайды ескерсек, бұдан да ұзаққа созылуы мүмкін. Ал қазір мен жағдайдың кедей елдер үшін ең қолайсыз сценарий бойынша өрбіп бара жатқанын көріп отырмын, – дейді Евгений Карабанов.
Ол Қазақстанға тікелей аштық қаупі төніп тұрған жоқ екенін атап өтті. Ел өзін азық-түлікпен қамтамасыз ете алады.
Әлемдік сарапшылардың болжамынша, дүниежүзілік астық нарығындағы қазіргі ахуалдан ең алдымен нан негізгі азық саналатын Африка мен Азияның кедей елдері зардап шегуі мүмкін. Олардың қатарында Сомали, Йемен, Пәкістан және басқа да мемлекеттер бар.
Біздің географиялық көршілеріміз – Ауғанстан мен Тәжікстан да қауіп аймағында.
Қазақстан қымбаттаған бидайды осы елдерге көбірек сатып, экспорт кірісін арттыра алады. Бірақ нан бағасының күрт өсуінен пайда болатын тәуекелдерге дайынбыз ба?