Қазақстандық продюсер Жан Мұқанов музыка индустриясында есірткі қолдану мәселесі барын айтып, әріптестерін оны жоққа шығармай, ашық айтуға шақырды. Оның сөзінше, әсіресе мефедрон, «кристалл» және түрлі стимулятор секілді синтетикалық заттарды қолданатындардың көбейгені алаңдатады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Мұның айналасында тұтас бір жүйе қалыптасып келеді»
Мұқанов бұл мәселе бір ғана әртістің әрекетімен шектелмейтінін айтты.
– Біреу дилерді таниды. Біреу тауып береді. Біреу әкеледі. Біреу жасырады. Біреу өтірік айтады. Ал кейін біреу соның салдарын реттеуге мәжбүр болады, – деп жазды продюсер.
Оның айтуынша, тәуелділіктің айналасында біртіндеп тұтас адамдар тізбегі қалыптасады. Олардың бір бөлігі мәселені жасыруға көмектессе, енді бірі кейін оның зардабын жоюмен айналысады.
«Бір адамның тәуелділігі ондаған адамның өміріне әсер етеді»
Продюсер тәуелділіктен тек сол адамның өзі емес, айналасындағы жақындары мен бірге жұмыс істейтіндер де зардап шегетінін атап өтті.
– Бір адамның тәуелділігі айналасындағы ондаған адамның өмірін бұза бастайды. Көмекшілері соның тұтқынына айналады. Команда үнемі дағдарыс жағдайында жүреді. Отбасы зардап шегеді, – деді Мұқанов.
Алайда ол нақты есімдерді атаған жоқ.
«Есірткіге тәуелділік мамандықтың бір бөлігі емес»
Мұқановтың айтуынша, әртістің үнемі жоспардан қалуы, жоғалып кетуі, оғаш әрекет көрсетуі және міндетін орындамауы команда мен жақындарына зиян келтіріп жатса, мұны тек оның жеке мәселесі деп қарауға болмайды.
– Есірткіге тәуелділік – мамандықтың бір бөлігі емес. Таланттың да, табыстың да белгісі емес, – деді ол.
Продюсердің пікірінше, индустрия бұл мәселені жасыруға тырыспай, ашық талқылайтын уақыт жетті.
– Егер бұл мәселе жоқ сияқты кейіп таныта берсек, оның салдары бүгін ойлағанымыздан әлдеқайда ауыр болуы мүмкін, – деді Мұқанов.
Шымкенттегі жуырдағы жағдай
Продюсердің мәлімдемесі Шымкентте танымал асабаның ұсталуынан кейін айтылды. 25 қыркүйекте полиция қаладағы қонақүй кешендерінің бірінде Астананың 36 жастағы тұрғынын ұстағанын хабарлады. Бөлмеден ақ түсті ұнтақ салынған пакет пен өсімдік тектес зат табылған.
Полиция мәліметінше, ұсталған адам олардың мефедрон және «мак» деп аталатын зат екенін, оны жеке пайдалану үшін сатып алғанын айтқан.