Астанада екі сәбидің өліміне қатысты мән-жай тексеріліп жатыр

Pixabay.com

Астанада екі нәрестенің өліміне қатысты қызметтік тексеру басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Қайғылы жағдай қаладағы перзентханада болған. Әйел босанған кезде егізінен бірден айырылған. Оқиға туралы пациенттің туыстары әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды КТК.

Туыстарының айтуынша, әйел егізге жүкті болған. Жүктіліктің алтыншы айында сәбилердің бірінің шетінеп кеткені анықталған. Емхана дәрігерлері жатырда шетінеп кеткен ұрықтың болуына қарамастан, әйел екінші баласын мерзіміне дейін көтере алатынына сендірген.

Алайда бірнеше аптадан кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Ішінің терісі көгере бастаған. Пациентті бейінді мамандарға емес, дерматологқа жіберіп, белгілерін антибиотиктермен емдеген. Кейін қосымша талдаулардан соң ғана әйел шұғыл түрде перзентханаға жатқызылған.

Осыдан кейін шұғыл кесарь тілігі жасалып, әйелдің шала туған егіздерінің бірі дүниеге келген. Өкінішке қарай, сәби бір-ақ күн өмір сүріп, сепсис салдарынан қайтыс болған. Ал бұған дейін шетінеп кеткен екінші ұрық та аман қалмаған.

— Тірі және шетінеп кеткен баланы осынша уақыт бірге ұстауға бола ма?! Емхана да, аурухана да бейшара әйелдің психологиялық жағдайына мән бермеді. Бәріміз жүгіріп, сұрап, әрекет жасап, шағымдандық. Бірақ жауап болмады. Аурухананың патология бөлімінің міндетін атқарушысы тарапынан да немқұрайлы әрі келемеждегендей қарым-қатынас болды, — дейді әйелдің туыстары.

Қазір анасы босанғаннан кейінгі бөлімде жатыр. Оның отбасы медициналық мекемелерден түсініктеме талап етіп отыр.

Оқиғаға қатысты тексеруді Астананың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жүргізіп жатыр.