Қарағандыда қарт жолаушыны көкөніс пен жеміс салынған жәшіктерімен бірге автобустан түсіріп кеткен жүргізушіге айыппұл салынды. Ол уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Жүргізушіге қатысты материалдар сотқа жолданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартылған. Ол №145 бағыттағы автобусты жүргізген 40 жастағы ер адам болып шықты.
Жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін оған 21 625 теңге (5 АЕК) айыппұл салынды. Ал ұсақ бұзақылық дерегі бойынша материалдар сотқа жолданды. Сот шешімі шыққанға дейін жүргізуші уақытша ұстау бөлмесіне қамалды.
Оқиға қалай болды
Оқиға базар маңында болған. Қарт адам автобусқа арба, көкөніс пен жеміс салынған жәшіктер және сөмкелермен кірген. Жүргізуші одан автобустан түсуді талап етіп, заттарын жолға шығарып тастаған.
Жәшіктер жыртылып, алма мен қызанақ асфальтқа шашылған. Олардың үстінен көліктер, соның ішінде автобустың өзі де өтіп кеткен.
Бұған дейін жүргізуші зейнеткерді автобустан қуып шыққанын жоққа шығарған. Оның айтуынша, ол жолаушыны жүгінің тым көп болуына байланысты мінгізбей, такси шақыруға кеңес берген.
Бұған дейін
24 қарашада зейнеткерге қатысты оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Қарағанды қаласының жолаушылар көлігі бөлімінде жүргізушінің әрекетін жол беруге болмайтын жағдай деп бағалады. Оны бағыттан алып, жұмыстан шеттетіп, кейін қызметінен босатты. №5 автобус паркінде қызметтік тексеріс басталды.