Құрылтай депутаты Дана Медеуова алғашқы депутаттық сауалында медицина саласындағы бірқатар өзекті мәселені көтерді. Ол дәрігерлердің жалақысын қайта қарау, кадр тапшылығын азайту және медицина қызметкерлерін артық бюрократиялық міндеттерден босату қажеттігін айтты. Сондай-ақ депутат медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктерін заңмен бекітуді ұсынды.
Толығырақ
Медеуованың айтуынша, пандемия денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы тек медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектерге ғана байланысты емес екенін көрсетті.
– Ең бастысы – медициналық кадрлар. Сондықтан дәрігер мәртебесін тек әлеуметтік әділеттілік мәселесі деп қарауға болмайды. Бұл – елдің биологиялық және ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе, – деді депутат.
Ол дәрігерлердің еңбекақысын есептеу жүйесі олардың білігі мен кәсіби деңгейін ескеруі қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін кәсібіне қатысы жоқ бюрократиялық міндеттерден арылту керек екенін айтты.
– Дәрігер есеп-қисаптың шексіз құжатын толтырмай, науқасты емдеуі керек, – деді Дана Медеуова.
Депутаттың пікірінше, медицинадағы кадр тапшылығына да объективті баға беру қажет. Бұл ретте жаңа мамандарды даярлап, жүйеге тартумен қатар, қазіргі таңда жұмыс істеп жүрген білікті дәрігерлерді ұстап қалу маңызды.
Сонымен бірге Медеуова «дәрігер» атауы заңмен қорғалуға тиіс деп есептейді. Оның айтуынша, бұл атаудың артында тиісті медициналық білім, расталған біліктілік және кәсіби қызметпен айналысу құқығы тұруы керек.
Депутат ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда дәрігерлердің жедел әрі дербес шешім қабылдауына мүмкіндік берілуі қажет екенін де айтты. Ол үшін медицина қызметкерлерінің өкілеті нақты айқындалып, кәсіби шешімдері заңмен қорғалуға тиіс.
Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу мақсатында Дана Медеуова «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасына бастамашылық ететінін мәлімдеді.
– Пандемияның бізге берген басты сабағы – медициналық жабдықты сатып алуға, дәрі-дәрмекті өндіруге де, сырттан әкелуге болады. Ал елге қауіп төнген сын сағатта адам өмірін арашалайтын ақ халатты жандардың орнын ештеңе баса алмайды, – деді ол.
Депутат білікті дәрігерді даярлауға кемінде он жыл қажет екенін атап өтіп, медицина мамандарының еңбегін лайықты бағалау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, дәрігерлердің төмен жалақыға байланысты мамандығын тастап кетпеуіне жағдай жасалып, олардың білімі мен тәжірибесі ел игілігіне қызмет етуі үшін тиісті кепілдіктер берілуі керек.