АҚШ пен Ресей «Лукойлдың» шетелдегі активтеріне қатысты келісімді талқылап жатыр

depositphotos

АҚШ әкімшілігі мен Ресейдің Украина мәселесіне қатысты келіссөздерінде тағы бір бағыт сөз болған. The New York Times мәліметінше, тараптар ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясының шетелдегі активтеріне байланысты миллиардтаған долларлық ықтимал келісімді талқылап жатыр. Келіссөздер туралы Reuters те хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Әңгіме компанияның шетелдегі ауқымды активтері туралы болып отыр. Олардың қатарында әр елдегі мұнай кен орындары, мұнай өңдеу зауыттары және жанармай құю бекеттері бар.

Атап айтқанда, Камерундағы кен орындары, Еуропадағы мұнай өңдеу зауыттары және АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы жанармай құю бекеттері желісі аталады.

The New York Times мәліметінше, мұндай келісім жасалуы үшін АҚШ билігінің де, Кремльдің де келісімі қажет.

Басылым келісімді ілгерілетіп жүрген топтың құрамында америкалық миллиардер әрі инвестор Тодд Боэли бар екенін жазады. Ол Дональд Трамптың саяси жобаларына 2 миллион доллар қаржы бөлген.

Сондай-ақ, бұл іске бұған дейін Джаред Кушнермен немесе Стив Уиткоффтың отбасымен жұмыс істеген Таяу Шығыстағы екі құрылым және АҚШ үкіметінің бір бөлімшесі қатысып отырғаны айтылады.

Газет мәліметінше, «Лукойл» активтері жөніндегі мәселе 5 қыркүйекте Кремльде Владимир Путиннің Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен кездесуі кезінде талқыланған.

NYT дереккөздерінің айтуынша, Путин бұл келісімді Ресей мен АҚШ арасындағы іскерлік байланысты қайта жандандырудың ықтимал үлгісі ретінде көтерген.

Келіссөздердің жалпы мазмұны Украинадағы соғыспен байланысты болып отыр. Уиткофф пен Кушнер Мәскеуге барып, Путинмен келіссөз өткізгеннен кейін Киевке аттанып, Владимир Зеленскиймен кездескен.

Ақ үй бұл кездесулерді Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған диалогтың жалғасы деп сипаттаған.