Доңға кен орнына қатысты көпжылдық дау аяқталды: енді не болады

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Доңға кен орнына қатысты көп жылдан бері жалғасып келген дауға нүкте қоюға тиіс келісімге қатысты пікір білдірді. Құжат Оман сұлтанының мемлекеттік сапары қарсаңында жасалды. Энергетика министрлігі бұл келіспеушіліктің реттелуі мұнай өндіру саласына жаңа инвестициялар тартуға жол ашады деп күтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Дау бірнеше жылға созылды

Келісімге 5 қазанда қол қойылды. Бұған дейін Энергетика министрлігі хабарлағандай, дау мердігердің бұған дейін жұмсаған шығындары мен олардың қай бөлігі өтелуге тиіс екеніне қатысты туындаған. Тараптар қол жеткізген келісімге сәйкес, Қазақстанға қаржылық өтемақы төленеді.

Бүгін Ерлан Ақкенжанов журналистерге даудың 2013-2019 жылдар аралығын қамтығанын түсіндірді. Министр келісімге Оман сұлтанының мемлекеттік сапары қарсаңында қол қойылғанына ерекше мән берді.

– Менің ойымша, бұл – өте үлкен жетістік. Әсіресе келісімге Оман сұлтанының сапары қарсаңында қол қойғанымыздың маңызы зор. Бұл Қазақстан экономикасына, атап айтқанда, мұнай өндіру саласына инвестиция тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Біз экономикалық және саяси серіктес ретінде кемелдік деңгейімізді көрсетіп отырмыз, – деді министр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, дау реттелгеннен кейін тараптар Доңға кен орнын 2026-2039 жылдары игерудің жаңа жоспарына көше алады. Осы кезеңде 67,4 млн баррель мұнай өндіру және жаңа капиталдық әрі операциялық инвестициялар тарту жоспарланып отыр.

Оман жобаның ішінде

Оманның Доңға жобасына тікелей қатысы бар: консорциумның шетелдік қатысушыларының бірі – Oman Oil Company Limited.

Ақкенжановтың айтуынша, жобаның 60 пайызы «ҚазМұнайГазға» тиесілі, қалған үлестер шетелдік серіктестер арасында бөлінген.

5 қазанда қол қойылған келісім бұдан әрі Oman Oil Company Limited пен PTTEP Corporation компанияларына жіберілуге тиіс.

Бұл ретте қазіргі мемлекеттік сапар аясында энергетика саласында әзірге жаңа келісімдер немесе инвестициялық жобалар пайда болған жоқ.

– Қазіргі таңда әзірге жоқ, бірақ мен айтқандай, Oman Oil Доңға жобасына қатысады. Бұл – Қазақстан Республикасындағы маңызды әрі ірі жобалардың бірі, – деді министр.