Ел халқы енді "қарызға өмір сүрмей" ме? Елде тұтынушылық несие беру қысқарды

Ulysmedia к

Ұлттық экономика министрлігінің басшысы тұтынушылық несие өсімінің баяулауын Қазақстанның 2026 жылы тап болған сын-қатерлерінің бірі деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан экономикасының өсуіне кедергі келтіретін үш фактор

ҚР премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, биыл Қазақстан экономикасы бірқатар шектеуші фактор жағдайында дамып жатыр.

Бірінші фактор – мұнай өндіру көлемінің төмендеуі. Соның салдарынан мұнай секторы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуіне кесірін тигізді. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 8,3% азайып, 69,4 млн тонна болды.

Екінші фактор – теңгенің нығаюы. Бұдан экспорттан жоспарланған кіріс толық түспеді.

Үшінші фактор – тұтынушылық несие өсімінің баяулауы. Бұл ішкі тұтынушылық сұранысты тежеп отыр.

– Тұтынушылық несиелердің жылдық өсімі 2025 жылғы тамыздағы 26,4%-дан биылғы тамызда 10,4%-ға дейін төмендеді, – деп мәлімдеді Серік Жұманғарин.

Қиындықтарға қарамастан, экономика өсіп келеді

Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Қазақстан экономикасы өсім көрсетіп, оң динамиканы сақтап отырғанын айтты.

– Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 4,2% болды. Экономикалық өсімге шикізаттық емес сектор қолдау көрсетті. Оның өсімі, бағалау бойынша, 5,4%-ға жетті. Салалар арасында құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері мен сауда ең жоғары өсім көрсетіп отыр, – деді ол.

Аталған салалардың ЖІӨ өсіміне қосқан жиынтық үлесі 75%-дан асады.

Сонымен бірге 2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ құрылымындағы мұнай өндіру саласының үлесі 7,8%-ға дейін төмендеген.

Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл – мұнай саласындағы проблемалардың емес, Қазақстан экономикасын әртараптандырудың нәтижесі.

Инвесторлардың сенімі

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан экономикасының өсуіне тартылған инвестициялар да ықпал етіп отыр.

Биыл қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16,1 трлн теңгеге жетіп, 7% өскен.

Инвестиция өсімінің негізгі ерекшелігі – жеке инвестициялардың артуы. Олардың көлемі 18,2% көбейген.

Серік Жұманғариннің келтірген деректеріне сәйкес, инвестициялардың ең жоғары өсімі мына салаларда тіркелген:

  • өңдеу өнеркәсібінде – 40,1%;

  • құрылыста – 32%;

  • ақпарат және байланыс саласында – 29,2%;

  • денсаулық сақтау саласында – 20,4%;

  • ауыл шаруашылығында – 9,1%.

Бұл ретте жеке инвестициялардың үлесі 85,7% болған. Ал биылғы бірінші жартыжылдықта тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы түсімі 9,4 млрд долларға жеткен.