"Жәрдемақыдан бас тартуға дайынмын" – депутат Құспеков "ауқатты" отбасыларға төленетін көмек туралы

Ulysmedia

Құрылтай депутаты Олжас Құспеков мемлекеттік әлеуметтік көмектен бас тартып, оны шынымен мұқтаж жандарға беруге дайын екенін мәлімдеді. Ол журналистердің 2027 жылдан бастап күшіне енетін жәрдемақы тағайындаудың жаңа ережелері, соның ішінде бала тууына байланысты төлемдер туралы сұрағына жауап берді. Алайда депутат отбасының нақты табысын атай алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әлеуметтік көмек ауқаттыларға қажет емес пе?

Журналистер депутаттан Қазақстан мұнай мен металға бай ел болса да, мемлекет не себепті әлеуметтік көмек көрсетуді шектемек екенін сұрады. Құспеков конституциялық әлеуметтік кепілдіктердің ешкім тарапынан жойылмайтынын айтты. Оның сөзінше, материалдық жағдайын ескермей, барлығына бірдей көмек төлеу бюджетке салмақ түсіреді.

– Қазіргі реформаның басты мақсаты – шын мұқтаж азаматтарға бұл әлеуметтік көмекті сол күйі қалдырып, әрі қарай мұқтаж емес, қажет етпейтін адамдар санатында жүргенде, тұрмыс жағдайы жақсы, басында үйі, көлігі бар және жанұяның әр мүшесіне табатын қаржысы қомақты болса, сол санаттарды алып тастау болып отыр, – деп түсіндірді депутат.

Құспековтің пікірінше, отбасының ауқатты екенін бағалау кезінде бір адамға шаққандағы айлық табыс 300-350 мың теңге шамасында болуы мүмкін. Алайда депутат бұл соманың ресми түрде бекітілген шекті мөлшер емес екенін айтты.

Ол мысал ретінде екі ата-ана мен төрт баладан тұратын отбасын келтірді. Мұндай жағдайда отбасының табысы ғана емес, жеке баспанасы мен автокөлігінің бар-жоғы да ескеріледі.

– Әр адамның басына 350 мың теңгеден табыс келсе, өзінің жеке пәтері мен автокөлігі болса, мұның бәрі саналады. Мұндай санаттағы азаматтар әлеуметтік көмектен қағылады, – деді Куспеков.

Депутаттың отбасы жәрдемақы алады

Журналистер депутаттан өзінің жалақысы қанша екенін және отбасының жан басына шаққандағы табысы 350 мың теңгеден асып не аспайтынын сұрады. Құспеков нақты соманы атай алмайтынын мойындады.

– Қазір мен нақтысын айта алмаймын. Әйелім кәсіппен айналысады, өзім депутат болып жұмыс істеймін. Төрт баламыз бар. Мүмкін, оған жетпейтін шығар. Бірақ біздің пәтеріміз бар, көлігіміз бар. Біз әлеуметтік көмекке мұқтаж емеспіз. Ипотекамыз да жоқ, кезінде алып, жауып тастағанбыз, – деп жауап берді ол.

2027 жылдан бастап қандай жәрдемақылар өзгереді?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау ережелері өзгереді. Шешім қабылдау кезінде билік отбасының материалдық жағдайын, соның ішінде табысын, тұрғын үйі мен автокөлігінің бар-жоғын және басқа да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ескереді.

Өзгерістер төлемнің 10 түріне қатысты болады. Олардың қатарында бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне берілетін жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға арналған төлемдер, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға және оларға күтім жасайтын азаматтарға төленетін жекелеген төлемдер бар.

Егер отбасы Отбасының цифрлық картасындағы деректер бойынша А немесе В санатындағы ауқатты отбасылар қатарына жатқызылса, оған кейбір жәрдемақылар тағайындалмауы немесе төленіп жатқан төлемдер тоқтатылуы мүмкін. Сонымен қатар кейбір санаттар үшін ерекшеліктер қарастырылған.

Бекітілген ережелерде жәрдемақы автоматты түрде тоқтатылатын табыстың бірыңғай шекті мөлшері белгіленбеген. Отбасының материалдық жағдайы бірнеше көрсеткіштің жиынтығы бойынша бағаланады.

Тексеруді ай сайын жүргізу жоспарланып отыр. Егер отбасының қаржылық жағдайы нашарлап, ол мұқтаж санатқа жатқызылса, төлемдер қайта тағайындалуы мүмкін.