Алматы облысындағы перинаталдық орталықтың қызметкерлері Қазақстан президентіне видеоүндеу жолдады. Медицина мамандары әлі күнге дейін жалақы алмағанын айтып, мекемеге тексеріс жүргізуді сұрады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы төлемнің кешігуін қаржыландыру мәселелерімен түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Шыдамымыз таусылды»
Видеоүндеуді Есік қаласындағы №1 перинаталдық орталықтың қызметкерлері жазған.
– Бүгін айдың 13-і болды, біз әлі жалақы алған жоқпыз. Біздің отбасымыз, балаларымыз бар, олар мектепте оқиды. Сізге жүгініп, осы мәселеге араласуыңызды сұраймыз. Бізге тексеріс жіберіңізші, әбден шаршадық, – дейді медицина қызметкерлері.
Мәселе жалақының кешігуімен ғана шектелмейді. Қызметкерлер мекеме жұмысында үнемі өзгерістер болып жатқанын айтып шағымданды. Олардың сөзінше, басшылық ауысып, жөндеу жұмыстары мен басқа жерге ауыстыру мәселелеріне қатысты түсініксіз жағдайлар туындайды. Ал ұжымның пікірі ескерілмейді.
– Шыдамымыз әбден таусылды. Бізбен ештеңе келісілмейді. Бізді ешкім естімейді, естігісі де келмейді. Астанадан немесе Алматыдан біреуді жіберіп, тексеріс жүргізулеріңізді сұраймыз. Біз тыныш жұмыс істеп, адал еңбегімізбен тапқан ақшамызды алғымыз келеді, – деп ашынды медицина қызметкерлері.
Қаржы мәселесі 19 қазанға дейін шешіледі
Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы перинаталдық орталықты қаржыландыруға қатысты мәселенің бар екенін растады. Ведомство жалақының кешігуін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалымен арадағы рәсімдік мәселелермен түсіндірді.
Басқарманың мәліметінше, мекеменің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қаржы бөлу жөнінде Қаржы және Денсаулық сақтау министрліктеріне, сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бірнеше рет өтініш жолданған.
– Қазіргі уақытта денсаулық сақтау басқармасының басшылығы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша басшылығымен және ҚР Қаржы министрлігімен келіссөздер жүргізді. Қаржыландыру мәселесі 2026 жылғы 19 қазанға дейін шешіледі, – деп хабарлады шенеуніктер.
Алайда ведомство жауабында жалақының нақты қай күні аударылатыны айтылмаған.