Еңбек министрлігі кімдерді ауқатты деп есептеліп, жәрдемақыдан айырылатынын түсіндірді

Ulysmedia коллажы

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасыларды А және В санаттарына жатқызу өлшемдерін атады. Мемлекет бұл санаттарға әл-ауқаты жоғары және ауқатты отбасыларды жатқызады. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап олар мемлекеттік жәрдемақылардың бірқатар түрін ала алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қандай отбасылар ауқатты деп танылады

Отбасының әл-ауқат деңгейі Отбасының цифрлық картасы арқылы анықталады. Бұл жүйе мемлекеттік дерекқорлардан азаматтар туралы мәліметтерді жинап, әр отбасының материалдық жағдайын бағалайды.

А және В санаттарына табысы жоғары отбасылар енгізіледі. Оларды анықтаудағы негізгі өлшемдердің бірі — отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың жеті ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауы.

Сонымен қатар бірнеше пәтердің немесе бір адамға шаққанда ауданы 120 шартты шаршы метрден асатын үйлердің болуы, люкс санатындағы автокөліктер, коммерциялық жылжымайтын мүлік, ірі, орта немесе шағын бизнес және үлкен жер учаскелері де ескеріледі.

Алайда аталған белгілердің біреуі ғана отбасының ауқатты деп танылуына негіз болмайды. Министрлік барлық көрсеткішті жиынтық түрде бағалайды.

— Жеке пәтердің, автокөліктің немесе басқа да мүліктің болуы өздігінен отбасын әл-ауқаты жоғары санатқа жатқызуға негіз емес. Қорытынды санат барлық мәліметтің жиынтығы бойынша анықталады, — деп түсіндірді Еңбек министрлігі.

Ведомство мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерді пайдаланады. Олардың қатарында отбасы мүшелерінің табысы, жұмыспен қамтылуы, тұрғын үйі, мүлкі, автокөліктері, несиелері, бизнесі, жер учаскелері, жеке қосалқы шаруашылығы және әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтер бар.

Отбасының санатын өзгертуге болады

Отбасының санаты өмір бойына бекітілмейді. Егер табысы, отбасы құрамы немесе мүлкі өзгерсе, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі жаңартылған деректер негізінде оның әл-ауқат деңгейі қайта бағаланады.

— Азаматтар өздері және отбасы туралы мәліметтерді электрондық үкімет сервистері арқылы тексере алады. Егер деректер қате болса, оларды уәкілетті мемлекеттік органдар жаңартады, — деп хабарлады министрлік.

Өзгерістер кімдерге әсер етеді

Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың бір бөлігі мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындала бастайды. Үкімет осындай 10 төлемнің тізімін бекітті.

Азаматтар бес санатқа бөлінеді. А санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар, В санатына ауқатты отбасылар, ал С санатына тұрмыстық жағдайы қанағаттанарлық отбасылар кіреді. D және E санаттарына экономикалық тұрғыдан осал, сондай-ақ экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар жатқызылады.

А және В санаттарындағы отбасылар бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақыдан қағылады. Оның мөлшері 164 350 теңгеден басталады.

Сондай-ақ олар асыраушысынан айырылуына байланысты төленетін жәрдемақыны және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін жәрдемақыны ала алмайды.

Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна аударылмаған А және В санаттарындағы әйелдер бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты жәрдемақыдан қағылады. Оның мөлшері 24 912 теңгеден басталады.

Ал ресми жұмыс істеген әйелдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді бұрынғы тәртіппен ала береді.