Алматыда өткен Be Woman Asia 2026 халықаралық форумында екі мәрте «Оскар» сыйлығының иегері, режиссер Шармин Обейд-Чиной қоғамды өзгерту үшін киноның күшін қалай пайдалануға болатынын айтты. Ал Zuckerberg Media компаниясының негізін қалаушы, Марк Цукербергтің әпкесі Рэнди Цукерберг жаңа мүмкіндіктерден қорықпауға және жасанды интеллектіні тиімді пайдалануға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Пәкістандық режиссер Шармин Обейд-Чиной журналистика мен деректі кино арқылы әйелдердің құқығын қорғап, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп келеді. Оның Saving Face фильмі әйелдерге қышқылмен шабуыл жасау мәселесіне, ал A Girl in the River деректі туындысы ар-намысқа байланысты кісі өлтіру тақырыбына арналған. Соңғы фильмнен кейін Пәкістанда осы қылмысқа қатысты заңнаманы өзгерту мәселесі қоғамдық талқылауға шықты.
«Мен Карачиде дүниеге келіп, бес қыздың үлкені болып өстім. Бала кезімнен қыз баланың дүниеге келуін отбасы үшін бақытсыздық деп қабылдайтын көзқарастарды көрдім. Бірде туысымыз анама: “Сенің бес қызың болғаны өкінішті”, деді. Бұл сөз менің ашуымды келтірді және әйелдердің құқығын қорғауға өмірімді арнауыма себеп болған жағдайлардың бірі еді. Менің фильмдерім тек адамдардың оқиғасын баяндау үшін түсірілмейді. Мен сол оқиғалар арқылы нақты өзгерістерге қол жеткізгім келеді. A Girl in the River фильмінен кейін Пәкістан премьер-министріне ар-намысқа байланысты кісі өлтіруге қатысты заңды өзгерту туралы ашық үндеу жасадым. Нәтижесінде заң өзгерді. Бұл киноның қоғамға ықпал етіп қана қоймай, заңнамалық өзгерістерге де жол аша алатынын көрсетті. Бүгінгі басты мақсатым – басқа әйелдерге өз оқиғаларын айтуға мүмкіндік беру. Сондықтан осындай мүмкіндікке көбірек әйел ие болғанын қалаймын», – деді Шармин Обейд-Чиной.
Рэнди Цукерберг көрерменді өзінің қарапайымдылығымен әрі ашықтығымен баурап алды. Zuckerberg Media компаниясының негізін қалаушы технология саласындағы тәжірибесі, шығармашылық ізденісі және жасанды интеллектінің мүмкіндіктері туралы айтты. Оның пікірінше, жасанды интеллект күнделікті жұмысты жеңілдетіп, адамға өзінің шығармашылық қабілетін дамытуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
«Мен Гарвардты бітіріп, Facebook компаниясында жұмыс істедім және Facebook Live жобасының іске қосылуына қатыстым. Кейін жаңа жобаларға көңіл бөлу үшін компаниядан кеттім. Бродвейде өнер көрсеттім, бірақ COVID-19 пандемиясы жоспарларымды өзгертті. Сол кезде жағдайға бейімделіп, өзіңді қайта танып, жаңа бағыттарды игерудің қаншалықты маңызды екенін түсіндім.
Қазір мені жасанды интеллект ерекше қызықтырады. Менің ойымша, ол адамдарды алмастырмайды, керісінше, көмекшімізге айналады. Жаңа өмір бастауға ешқашан кеш емес, басқа саланы меңгеруге және өзіңізді қызықтыратын істе сарапшы болуға ешқашан кеш емес. Мен әлеуметтік желілерден бастап, Бродвейде өнер көрсетуге, жасанды интеллектіні зерттеуге және ультрамарафондарға дейінгі түрлі бағытта өзімді сынап көрдім. Ең бастысы – жаңа мүмкіндіктерден қорықпау және өзіңді дамытуға дайын болу»,– деді сахнадан Цукерберг.
Айта кетейік, Be Woman Asia 2026 форумында әйелдердің көшбасшылығы мен мүмкіндіктерінен бөлек, саясат, технология, бизнес және қоғамның болашағына қатысты түрлі мәселелер де көтерілді. Әртүрлі сала өкілдері өз тәжірибесімен бөлісіп, өзгермелі әлемде жаңа шешімдер іздеудің, өзара қолдаудың және халықаралық ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. Еске сала кетейік, форум ертең де жалғасады.
Перизат Жарылқасын