Қазақстанда Apple Watch, Samsung Galaxy Watch және AirPods құрылғыларының кейбір үлгілерін қолданушылар енді жүректің электрокардиограммасын (ЭКГ) түсіріп, есту қабілетін тексеріп, ұйқы кезінде тыныс алудың бұзылуы мүмкін екені туралы ескерту ала алады. Бұған дейін бұл мүмкіндіктердің бір бөлігі елімізде аймақтық шектеулерге байланысты қолжетімсіз болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Apple Watch және Samsung Galaxy Watch сағаттарының тиісті үлгілерін пайдаланушылар енді электрокардиограмма түсіріп, жүрек соғысы ырғағының бұзылуы мүмкін екені туралы хабарлама ала алады.
Тексеру нәтижелері смартфонда сақталады. Қажет болған жағдайда оларды дәрігерге көрсетуге болады. Бұл туралы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Сонымен қатар, смарт сағаттар адам ұйықтап жатқанда тыныс алуын бақылап, ұйқы апноэсының ықтимал белгілерін анықтай алады. Апноэ – ұйқы кезінде адамның тынысы мезгіл-мезгіл тоқтап қалатын жағдай.
Samsung Galaxy Watch сағаттарының кейбір үлгілерінде қан қысымын өлшеу мүмкіндігі де бар. Алайда оны пайдаланбас бұрын сағатты манжетасы бар кәдімгі тонометр арқылы баптап алу қажет.
Өлшеу дәлдігін сақтау үшін бұл баптауды әр 28 күн сайын қайталап отыру керек.
AirPods Pro құлаққаптарының тиісті үлгілерін қолданушылар iPhone телефонындағы «Денсаулық» қосымшасы арқылы есту қабілетін тексере алады.
Бұдан бөлек, құлаққаптың айналадағы дыбыстарды күшейтетін мүмкіндігі де бар. Ол есту қабілеті жеңіл немесе орташа дәрежеде төмендеген болуы мүмкін ересек адамдарға арналған.
Бұл қызметтерді пайдалану үшін құрылғылардың бағдарламалық жасақтамасын жаңартып, баптаулар бөлімінен тиісті мүмкіндіктерді қосу қажет.
Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі смарт құрылғылар арқылы алынған нәтижелер медициналық диагноз болып саналмайтынын ескертті.
Сондықтан денсаулыққа қатысты қандай да бір күдік туындаса, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн.