Аяз оңтүстікке де жетті: 18 қазанда Қазақстанның қай өңірлерінде күн суытады?

Ulysmedia.kz коллажы

18 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт бұзылады. Кей аймақтарда жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болса, енді бірінде шаңды дауыл тұрып, жел күшейеді. «Қазгидромет» синоптиктері 14 облыс пен Астана қаласында ауа райына байланысты ескерту жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қай өңірлерде қар жауады?

Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін. Кейбір аудандарда тұман түсіп, желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.

Қарағанды, Петропавл және Астана қалаларында түнде және таңертең қою тұман түсуі ықтимал.

Ақмола, Павлодар, Қостанай және Ұлытау облыстарының жекелеген аудандарында да осындай ауа райы күтіледі.

Қай өңірлерде үсік жүреді?

Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында түнгі ауа температурасы нөлден төмен түседі.

Алматы облысының солтүстігі мен батысында 1–6 градус, ал Қонаев қаласында 1–3 градус аяз болады деп болжанып отыр.

Жетісу облысында ауа температурасы түнде 2–7 градусқа дейін төмендейді. Ең қатты суық Талдықорғанда күтіледі. Мұнда түнде 5–7 градус аяз болуы мүмкін.

Жамбыл облысының шығысында 2 градусқа дейін, ал Түркістан мен Қызылорда облыстарында 1 градусқа дейін аяз болады.

Қызылорда облысында үсік негізінен топырақ бетінде жүреді деп күтіледі.

Қай өңірлерде шаңды дауыл соғады?

Батыс Қазақстан облысының батысында аздаған жаңбыр жауып, күндіз найзағай ойнауы мүмкін. Ал өңірдің батысы мен оңтүстігінде шаңды дауыл тұрып, желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.

Қызылорда қаласы мен облыстың кей аудандарында да шаңды дауыл күтіледі. Желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жетуі ықтимал.

Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының кей жерлерінде жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.

Қай өңірлерде өрт қаупі жоғары?

Күн суытқанына қарамастан, еліміздің бірнеше өңірінде табиғи өрт шығу қаупі әлі де жоғары.

Қызылорда облысында, соның ішінде Қызылорда қаласында, сондай-ақ, Ұлытау мен Қарағанды облыстарының жекелеген аумақтарында төтенше өрт қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында, сондай-ақ, Қызылорда облысының солтүстігінде өрт қаупі жоғары болады деп болжанып отыр.