Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2027 жылға арналған діни күндер күнтізбесін бекітті. Қасиетті Рамазан айы қашан басталатыны, Ораза айт пен Құрбан айттың қай күндерге сәйкес келетіні белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Рамазан айының басталуы
Мүфтият күнтізбесіне сәйкес, қасиетті Рамазан айы 2027 жылғы 8 ақпанда басталады. Мұсылмандар бір ай бойы ораза ұстап, 9 наурызда Ораза айт мерекесін атап өтеді.
Алдын ала есеп бойынша, Қадір түні 5 наурыздан 6 наурызға қараған түнге сәйкес келеді.
Құрбан айт
2027 жылы Құрбан айт 16 мамырда басталып, 18 мамырды қоса алғанда үш күнге созылады. Мерекенің алдындағы 15 мамырда Арапа күні атап өтіледі.
Күнтізбеде басқа да маңызды діни күндер көрсетілген. Атап айтқанда, Баррат түні 22-23 қаңтарға, Ашура күні 15 маусымға, ал Мұхаммед пайғамбардың туған күні – Мәуліт 14–15 тамызға сәйкес келеді.
ҚМДБ діни мерекелердің күндері бір күнге өзгеруі мүмкін екенін ескертті. Бұл ислам күнтізбесіндегі айлардың басталуын анықтайтын жаңа айдың көрінуіне байланысты.