Трамптың арнайы өкілі Зеленскиймен кездескеннен кейін Ресейге барды

Stian Lysberg Solum/NTB Scanpix/AP Photo/picture alliance

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф 21 қазанда Владимир Путинмен келіссөз жүргізу үшін Санкт-Петербургке ұшып барды. Пулково әуежайында оны Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев қарсы алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Уиткофф не ұсынбақ?

Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, Уиткофф Путинге Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуымен тікелей үшжақты келіссөз өткізуді ұсынбақ. Сол мәліметтерге сәйкес, Путинмен кездесу 21 қазанда өтеді.

Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль Трамптың арнайы өкілдерімен кездесуді жақын арада өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, тараптар америкалықтардың Украина және Еуропа өкілдерімен байланыстарының қорытындысын талқылап, басқа да маңызды мәселелер бойынша ұстанымдарымен алмасады.

Ослода не болды?

Ресейге аттанар алдында Уиткофф Ослода Зеленскиймен және Еуропа өкілдерімен кездесті. Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре келіссөздерді сындарлы деп бағалады.

Axios басылымының мәліметінше, бұл кездесуде Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Зеленскийден Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруді тоқтатуды талап еткен.

– Джаред ойын өте ашық айтты, – деді басылымға сұхбат берген дереккөздердің бірі.

АҚШ шенеунігі Axios басылымына Украина тарапы жаңа идеялар мен ұсыныстар енгізгенін және олар жан-жақты талқыланғанын хабарлады. Оның айтуынша, тараптар айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізіп, жұмыс деңгейінде көптеген мәселе бойынша ортақ ұстанымға келген.

– АҚШ жаңа ұсыныс тікелей үшжақты келіссөздерге және одан да кең ауқымды көпжақты келіссөздерге жол ашады деп үміттенеді, – деді дереккөз.