Кеден бекетін жаңғыртуға жеке компаниялар не үшін ақша бөлді

Ulysmedia коллажы

Қазақстанның Қаржы министрлігі 2026 жылы кедендік өткізу пункттерін салу және жаңғыртуға халықаралық қарыздардан 28 миллиард теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлаған. Министр Мәди Тәкиевтің айтуынша, бұл қаражат жұмсалып та қойған. Ал Түркістан облысындағы «Жібек жолы» өткізу пункті демеушілердің есебінен жаңғыртылып жатыр. Ulysmedia.kz аноним демеушілердің кеден саласына қаржы құюына не себеп болғанын және мұның астарында сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе жоқ па деген сауалға жауап іздеді.

Тоғыз бекетке 28 млрд теңге

Мәди Тәкиевтің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы өткізу пунктінің демеушілер қаражатына салынуынан мүдделер қақтығысы да, сыбайлас жемқорлық белгілері де жоқ.

– Көмектескісі келетін адамдарымыз әлі де бар. Бұған дейін де айтқанымыздай, шекара өткелі – елдің айнасы, мемлекетке кіретін қақпамыз. Біз оны қарыз қаражаты есебінен жаңғыртуды жоспарладық. Қытайдан қарыз алдық. Соның есебінен тоғыз кеден бекеті мен бас диспетчерлік басқарма жаңғыртылды, – деді Такиев.

Кеденшілер бақылауда

Министрдің айтуынша, бұл жоба аяқталып, қазір жұмыс істеп тұр.

– Әр кеден бекетінде жағдайды бақылау орталығына қосылған шамамен 200 бейнебақылау камерасы бар. Сол орталықтан қызметкерлердің жұмысы бақыланады. Сонымен қатар тексеру кезінде әр кеден қызметкерінің бейнекамерасы бар жетоны болады. Әрқайсысының жұмысын шартты түрде айтқанда, адамдар мен жасанды интеллект қадағалайды. Тауарларды түсіру және тексеру кезінде жүйе қай қорапты ашып қарау, қайсысын тексеру керегін көрсетіп отырады. Мұның бәрі бір бағдарламаның аясында жүзеге асырылды, – деді министр несие қаражатына атқарылған жұмыстар туралы.

Жеке компанияларға шекара өткелі не үшін керек?

Алайда «Жібек жолы» өткізу пункті бұл жобаға енгізілмеген. Оның себебін Тәкиев түсіндірмеді. Бәлкім, несие қаражаты таусылған болар. Дегенмен, министрдің айтуынша, бұл бекетті жаңғырту қажет болған.

– Ол арқылы халықтың негізгі бөлігі өтетін. Бұрыннан салынған бұл бекет сол кезде-ақ қазіргі талаптарға сай келмейтін. Естеріңізде болса, 2024 жылы мұнда адам қарасы күрт көбейіп, кептеліс болған. Сол күні шамамен 55 мың адам өткен. Кеден және шекара қызметтерінде адамдарды жылдам рәсімдеуге арналған терезелер жетіспеді, – деп еске алды Тәкиев.

Министрдің сөзінше, «Жібек жолы» өткізу пунктін демеушілердің қаражатына жаңғыртуға президенттің өзі рұқсат берген.

Жақын арада барлық жұмыс аяқталады. Қаржы министрінің айтуынша, жаңғыртудан кейін «Жібек жолы» жаяу жүргіншілерге арналған шекара өткелдерінің арасында көрсетуге ұялмайтын бірегей нысанға айналады.

Алайда Мәди Тәкиев жөндеу жұмыстарына нақты кім демеушілік жасағанын, ең бастысы, олардың мұндай қадамға не үшін барғанын және Қаржы министрлігі белгісіз меценаттарға қалай алғыс білдіретінін айтпады. Ол тек демеушілердің қазақстандық жеке компаниялар екенін мәлімдеді.

Контекст

Қазақстандық кеденшілер арасында парақорлық деректері Өзбекстанмен шекарада жиі анықталатын жазған едік. Қытаймен шекарада да заңбұзушылықтар бар. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді.