Маңғыстау облысының полицейлері Instagram желісіндегі танымал парақшаның иесі мен оның парақшасында жарнама жариялаған сатушыны ұстады. Олар алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Сатып алушылар Қытайдан жеткізілетін ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техникаға ақша төлегенімен, тауарларын алмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алаяқтық схемасы қалай жұмыс істеген
Полицияның мәліметінше, күдікті Instagram-да Қытайдан жеткізілетін премиум санаттағы ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника және басқа да тауарлардың жарнамасын жариялаған. Бағалары нарықтағы құннан әлдеқайда төмен болған.
Тауарларды жарнамалау үшін ол 360 мыңнан астам оқырманы бар танымал парақшаның иесін тартқан. Әңгіме блогер Салтанат Аманқосова туралы болуы мүмкін.
Тергеу нұсқасына сәйкес, оның жазбаларында тауарлардың қоймада бар екені, сапалы екені және Қазақстанға жеткізілетіні айтылған. Сатып алушылар сатушымен байланысып, ақшаны жеке кәсіпкердің есепшотына аударған. Алайда тауарлар жеткізілмеген.
Тергеушілердің пайымдауынша, күдіктілер ақшаны жеке қажеттеріне жұмсаған.
Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіп, басқа да жәбірленушілерді іздестіріп жатыр. Ведомство келтірілген шығынның жалпы сомасы мен зардап шеккендердің нақты санын жарияламады.
Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаевтың айтуынша, полицияға үш жәбірленуші арыз жазған. Оның сөзінше, блогер сатып алушыларға ақшасын қайтарып берген.
– Бұл істен біреуді әдейі жұртқа әшкерелеп, сабақ көрсету әрекеті байқалады. Оны уақытша ұстау изоляторына қамау да тым әсіреленген қадам сияқты. Оның кәмелетке толмаған балалары бар. Қалай болғанда да, 72 сағаттан кейін сот оны үйқамаққа жіберер еді, – деп жазды Сәрсенбаев.
Контекст
Бұған дейін Алматы соты блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханды 2,5 жылға бас бостандығынан айырған еді. Ол көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылды.
әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол апатынан кейін ол полицейлердің заңсыз жарысқа қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Сот оған әлеуметтік желілерде материал жариялауға бес жылға тыйым салды.