әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да филология факультетінің оқытушысы Гаухар Дүйсембиеваның жұмыстан босатылуына байланысты дау туды. Желіде оған студенттердің көзінше, сабақ үстінде жұмыстан шығару туралы бұйрық табыстаған сәттің видеосы тарады. Оқытушы қолтаңбасының қолдан жасалғанын және өзіне дене жарақаты салынғанын мәлімдеді. Ал университет басшылығы оқиғаның өз нұсқасын ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Студенттердің көзінше жұмыстан босатылған
Оқиға 7 қазанда болған. Сабақ үстінде Гаухар Дүйсембиеваның алдына кадр бөлімінің қызметкері келіп, жұмыстан босату туралы бұйрықты табыстаған.
– Сабақ үстінде маған кадр бөлімінің қызметкері келіп, мына бұйрықты табыстады. Әрине, мен онымен келіспеймін. Ол менің 2 қазаннан бастап жұмыстан босатылғанымды айтты. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да осындай бассыздық болып жатыр, – дейді ол видеода.
Оқытушы университетте оның қолтаңбасын екі рет қолдан жасағанын және өзіне дене жарақаты салынғанын мәлімдеді. Кадр бөлімінің қызметкері бұл айыптауды жеке өзіне қатысты айтып тұрғанын нақтыламақ болғанда, оқытушы университетте болған жағдайларды меңзеп отырғанын түсіндірді.
Әңгіме соңында оқытушы аудиториядан шығуға келісті. Алайда кетер алдында: «Заттарымды жинап, шығып кетемін. Бірақ бұл үшін жауап бересіздер», – деп ескертті.
ҚазҰУ не дейді?
Университеттің түсіндіруінше, жұмыстан босату туралы бұйрыққа 2 қазанда қол қойылған. Мұндай шешімді тәртіптік комиссия қабылдаған. Гаухар Дүйсембиеваға алдын ала комиссия отырысына келіп, өз уәжін айтуға мүмкіндік берілген. Алайда ол отырысқа қатыспаған.
Жұмыстан босатылғаннан кейін бұйрықтың көшірмесі оған EMS Qazpost арқылы үйіне жіберілген. Ал 7 қазанға қарай оның орнына басқа оқытушы алынған.
Университет өкілдерінің айтуынша, соған қарамастан Дүйсембиева сабаққа келіп, әріптесінен аудиторияны босатуды сұраған да, сабақты өзі өткізе бастаған. Кадр бөлімінің қызметкері келгенде, жағдайды дәлізде талқылауды ұсынған, бірақ оқытушы келіспей, әңгімені студенттердің көзінше өткізуді талап еткен.
Университет басшылығы қызметкерге қатысты басқа да ескертулер болғанын айтты.
– 2024–2026 жылдар аралығында Univer ақпараттық жүйесінің қауіпсіздік талаптарын бұзу деректері анықталды. Атап айтқанда, студенттерге оқытушының есептік жазбасына кіруге мүмкіндік берілген. Соның арқасында олар оқытушының кейбір міндеттерін атқара алған. Сонымен қатар оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу, емтихан тапсырмаларын дайындау, сабақ өткізу және емтихан жұмыстарын тексеру кезінде талаптардың сақталмағаны тіркелді. Бұл заңбұзушылықтардың кейбірі емтихан сессияларын уақытылы өткізуге және студенттердің академиялық құқықтарын сақтауға қауіп төндірген. Университетті әсіресе оқытушының студенттерді, соның ішінде кәмелетке толмағандарды, өзі мен университет арасындағы жеке еңбек дауына араластыруы алаңдатады. Атап айтқанда, сот процесінде пайдалануға арналған материалдарды дайындау туралы сөз болып отыр. ҚазҰУ-дың ұстанымы анық: студенттер жеке немесе еңбек дауларын шешу құралына айналмауы керек. Сондай-ақ оқытушы мен студент арасындағы академиялық тәуелділік қарым-қатынасы жеке мүдде үшін пайдаланылмауға тиіс, – делінген университет хабарламасында.
Оқиға мұнымен аяқталған жоқ. Жұмыстан босатуға қатысты видео мен жазбалар интернетте тарағаннан кейін учаскелік полиция инспекторы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырған.
Оқиғаға қатысты түпкілікті бағаны уәкілетті органдар беруі керек.
Контекст
ҚазҰУ-дағы жұмыстан босатуға қатысты дау алғаш рет туындап отырған жоқ. Қыркүйекте Ulysmedia.kz журналистика факультетінен тәжірибелі бірнеше оқытушының кеткені туралы жазған еді. Педагогтер ғылыми жарияланымдарға қойылатын талаптар мен кадрлық шешімдерді сынға алған. Ал университет басшылығы конкурстық рәсімдер мен еңбек келісімшарттарының мерзімі аяқталғанын алға тартқан. Студенттер оқытушылар кеткеннен кейін факультеттегі ахуалдың өзгергенін айтқан.