Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазанда атап өтілетін Республика күніне орай халықты құттықтады. Мемлекет басшысы өз үндеуінде елдің даму жолына тоқталып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер мен алдағы жоспарлар туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тоқаев Республика күнін қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын еліміздің ең маңызды мерекелерінің бірі деп атады.
Президенттің айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында талай қиындықты еңсеріп, экономика, саясат және қоғамдық даму салаларында елеулі жетістіктерге қол жеткізді.
Ол Тәуелсіздіктің 35 жылдығына қарай Қазақстан халықаралық аренада өзіндік орны бар, кемелденген мемлекетке айналғанын атап өтті.
Тоқаев елде болып жатқан өзгерістерге ерекше тоқталды.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Конституцияның күшіне енуі ел тарихындағы маңызды оқиға болды. Бұл мемлекеттік басқару жүйесін, экономика мен саясатты, әлеуметтік саланы жаңғыртуға тың серпін берді.
Президент Қазақстанның конституциялық қағидаттарды басшылыққа ала отырып, реформаларды жалғастыратынын атап өтті.
Тоқаев ел дамуының алдағы басым бағыттары ретінде заманауи технологияларды енгізуді, жасанды интеллектіні кеңінен қолдануды және инфрақұрылымды жаңғыртуды атады.
Оның сөзінше, елімізде жаңа өндіріс орындары ашылып, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салынып жатыр.
Президент бұл жобалардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс екенін айтты.
Мемлекет басшысы өз үндеуінде Қазақстанның дамуына әр азаматтың қосатын үлесіне де тоқталды.
Ол білім алудың, адал еңбек етудің, жауапкершілік пен отансүйгіштіктің маңызын атап өтті.
Президенттің айтуынша, заңды құрметтеу, табиғатқа жанашырлық таныту және қоғамдағы татулықты сақтау айрықша мәнге ие.
– Күш біріктіре отырып, Егемендігімізді нығайтып, Әділетті, Қауіпсіз, Өркендеген және Таза Қазақстанды құратынымызға сенімдімін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы құттықтауының соңында барша қазақстандыққа амандық, елімізге бақ-береке тіледі.
– Көк байрағымыз биікте желбірей берсін! Отанымыз өркендей берсін! Республика күні құтты болсын! – делінген құттықтауда.
Қазақстанда Республика күні жыл сайын 25 қазанда атап өтіледі.
1990 жылы дәл осы күні Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл тарихи құжат Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды қадамдардың бірі болды.