Ақмола облысында жеңіл көлік жол жөндеп жүрген үш жұмысшыны қағып кетті. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмып, қалған екеуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жол апаты 23 қазанда Астана – Атбасар – Жақсы тасжолының 163-шақырымында болған.
Полиция мәліметінше, Chery Arrizo 8 көлігінің жүргізушісі жолдың көлік жүретін бөлігінде жұмыс істеп жүрген үш жұмысшыны қағып кеткен.
Ведомство өкілдері жол апаты кезінде жұмысшылардың үстінде жарық шағылыстыратын арнайы кеудеше болмағанын атап өтті.
– Жол апаты салдарынан бір жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. Қалған екеуі ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлады полиция.
Адам өліміне әкелген жол апатына байланысты соталды тергеу басталды. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Ауруханаға жеткізілген екі жұмысшының қазіргі жағдайы туралы әзірге мәлімет жоқ.