Ресей 4 қарашадан кейін Украина және АҚШ-пен үшжақты келіссөздерді қайта бастауға дайын. Алайда Мәскеу ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы кездесуден айтарлықтай нәтиже күтпейтінін ескертті. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ушаковтың айтуынша, Ресей тарапы елде Халық бірлігі күні атап өтілетін 4 қарашадан кейін келіссөз үстеліне қайта отыруға дайын.
– Ендігі меже – 4 қараша. Бұл – біз үшін үлкен мереке. Осы күннен кейін келіссөздерді қайта бастауға дайын боламыз, – деді ол «Вести» арнасына берген сұхбатында.
Дегенмен Кремль өкілі алғашқы кездесуден бірден нақты келісімдер күтпеуге шақырды.
– Алғашқы кездесуде көп мәселенің шешіле қоюы екіталай. Ол, шамасы, тараптардың бір-бірінің ұстанымын байқайтын бастапқы кездесу болады, – деді Ушаков.
Ол Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісім әзірге дайын емес екенін, тараптар оның шарттарын әлі де пысықтауы керектігін айтты.
Келіссөздерді қайта бастау мүмкіндігі 21 қазанда Санкт-Петербургте Владимир Путин мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың кездесуінде талқыланған.
Кездесуден кейін Ушаков Ресей, Украина және АҚШ өкілдерінің қатысуымен өтетін кезекті келіссөз қарашаның ортасында Абу-Дабиде ұйымдастырылуы мүмкін екенін хабарлады.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков те БАӘ астанасы келіссөз өткізуге ықтимал орындардың бірі ретінде қарастырылып жатқанын растады.
Әзірге кездесудің нақты күні мен өтетін орны жарияланған жоқ.
2026 жылдың басында Ресей, Украина және АҚШ өкілдері келіссөздердің үш кезеңін өткізген болатын.
Кездесулер 23–24 қаңтарда, 4–5 ақпанда және 17–18 ақпанда өтті.
Келесі келіссөз 5–8 наурызда Абу-Дабиде өтуге тиіс еді. Алайда АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясы басталғаннан кейін кездесу кейінге шегерілді.
Бұған дейін, 23 қазанда Ақ үй Ресей мен Украинаның Херсон облысындағы Олешки қаласы маңында гуманитарлық операция жүргізу үшін атысты уақытша тоқтату жөнінде уағдаласқанын хабарлаған.
АҚШ тарапының мәлімдеуінше, келіссөздерге Америка Құрама Штаттарының бірінші ханымы Мелания Трамп араағайындық жасаған.