Қостанайда полициядан қашпақ болған жүргізуші қаза тапты

Видео кадры

Қостанайда полициядан қашпақ болған жүргізуші жол апатына түсіп, қаза тапты. Volkswagen Passat көлігі бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан қиылыстан өтіп, ішінде 55 жолаушысы бар автобуспен соқтығысқан. Жеңіл көлік жүргізушісі оқиға орнында көз жұмып, тағы бірнеше адам зардап шекті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жол апаты 25 қазанда Назарбаев даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында болған.

Полиция мәліметінше, Volkswagen Passat жүргізушісі жол ережесін бұзып, патрульдік полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы талабына бағынбаған.

Ескертулерге қарамастан, ер адам көлігін тоқтатпай, жолын жалғастырған.

Полицейлер оның соңынан қуып, тоқтауды талап еткен. Алайда жүргізуші қиылыстардың бірінде бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан өтіп кетіп, жолаушылар автобусына соғылған.

Әлеуметтік желілерде жол апатынан кейін түсірілген бейнежазбалар тарады.

Полиция да патрульдік көліктің бейнетіркегішіне жазылған кадрларды жариялады. Онда тәртіп сақшыларының жеңіл көлікті қуып, жүргізушіден тоқтауды талап еткені көрінеді.

Жүргізуші қаза тапты, жолаушы ауруханаға жеткізілді

Volkswagen жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Ал жеңіл көліктегі жолаушы ауруханаға жеткізілді.

Соқтығыс болған сәтте автобуста 55 адам отырған. Олардың екеуіне медициналық көмек қажет болып, дәрігерлер оқиға орнында көмек көрсетті.

– Жол апаты салдарынан жүргізуші қаза тауып, жолаушы ауруханаға жеткізілді. Автобуста 55 адам болған. Олардың екеуіне оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді, – деп хабарлады Қостанай облыстық полиция департаменті.

Адам өліміне әкелген жол апатына байланысты соталды тергеу басталды.

Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын, соның ішінде жүргізушінің соқтығысқа дейінгі әрекеттерін анықтап жатыр.