Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында өткен WTA 500 турнирінің жеңімпазы атанды. Қазақстандық теннисші финалда канадалық Лейла Фернандесті айқын басымдықпен жеңіп, екінші жыл қатарынан чемпиондық атағын қорғап қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Финалда Рыбакина әлемдік рейтингте 30-орында тұрған Лейла Фернандеспен кездесіп, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Қазақстандық теннисші екі сетте де 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Кездесу 1 сағат 17 минутқа созылды.
Осы жеңісінің арқасында Рыбакина кәсіби мансабында алғаш рет бір турнирдегі чемпиондық атағын сақтап қалды.
Былтыр да ол Нинбода топ жарып, финалда ресейлік Екатерина Александровадан 3:6, 6:0, 6:2 есебімен басым түскен болатын.
Қытайдағы бұл жеңіс Рыбакина үшін 2026 жылғы маусымдағы төртінші, ал WTA турнирлеріндегі кәсіби мансабындағы 15-ші чемпиондық атақ болды. Осылайша, қазақстандық теннисші жүлделер қорын тағы бір кубокпен толықтырып, әлемдік рейтинг көшбасшысы ретіндегі беделін нығайта түсті.
Рыбакинаның чемпиондық жолы Өзбекстан өкілі Полина Кудерметоваға қарсы кездесуден басталды. Бірінші сетте 0:5 есебімен жеңіліп жатқан қарсыласы ойынды жалғастырудан бас тартты. Соның нәтижесінде Рыбакина келесі кезеңге өтті.
Ширек финалда қазақстандық теннисші польшалық Катажина Кавамен кездесті. Алғашқы сетте сенімді жеңіске жеткен Рыбакина екінші сетте қарсыласына есе жіберді. Алайда шешуші кезеңде ойын тізгінін қайта қолға алып, 6:1, 3:6, 6:1 есебімен басым түсті.
Жарты финалда әлемнің бірінші ракеткасы ресейлік Диана Шнайдермен шеберлік байқасты. Рыбакина қарсыласын 6:3, 7:5 есебімен екі сетте жеңіп, былтырғы чемпиондық атағын қорғауға мүмкіндік алды.
Лейла Фернандестің де финалға дейінгі жолы оңай болған жоқ. Канадалық теннисші Элизе Мертенс, Александра Саснович, Екатерина Александрова және Мари Боузкованы жеңді. Жартылай финалда ол Боузковадан 6:3, 7:5 есебімен басым түсті.
Нинбодағы финалға дейін Рыбакина мен Фернандес өзара бес рет кездескен. Оның үшеуінде қазақстандық теннисші, екеуінде канадалық спортшы жеңіске жеткен еді.
Ал бұл жолғы жеңістен кейін екі теннисшінің өзара кездесу есебі Елена Рыбакинаның пайдасына 4:2 болды.