Алматыда көлік кептелісі күн өткен сайын өзекті мәселеге айналып барады. Әлеуметтік желіде тұрғындар таңертең жұмысқа, кешке үйіне жету үшін сағаттап кептелісте тұратынын жиі жазады. Қаладағы көлік қозғалысын жеңілдетудің бір жолы ретінде жеңіл рельсті көлік – LRT құрылысы басталды. Алайда жоба аяқталғанша Төле би көшесімен қатынайтын жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер құрылыстан туындаған қолайсыздықтарға төзуге мәжбүр. Алда қыс келе жатыр. Қар, жаңбыр мен лайсаң жолдағы жүріп-тұруды одан әрі қиындатуы мүмкін.
LRT құрылысы қашан аяқталады? Жаңа желіні дәл осы көше бойымен жүргізу қаншалықты тиімді? Жеңіл рельсті көлік қаладағы кептелісті шынымен азайта ала ма? Осы сұрақтарға жауап іздеген Ulysmedia тілшісі Төле би көшесін жаяу аралап, тұрғындардың ойын тыңдап, урбанистің пікірін білді.
Қазір Төле би көшесінде инженерлік коммуникацияларды қайта орналастыру және трассаны құрылыстың келесі кезеңдеріне дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Ал Бауыржан Момышұлы көшесіндегі дайын учаскеде рельстер мен темірбетон шпалдарды төсеу басталған.
2026 жылғы 28 қыркүйекте Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабданов мәслихат отырысында Төле би көшесіндегі құрылыс жұмыстарын қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланғанын айтқан. Ал LRT желісінің бірінші кезеңін толық аяқтау мерзімі – 2027 жылғы желтоқсан.
Сол кезде жоба аясында инженерлік желілердің 282 өткелін қайта орналастыру көзделгені, оның 90-ында жұмыс аяқталғаны хабарланған. Құрылыс алаңында шамамен 80 жұмысшы мен 50-ден астам техника жұмыс істеген.
Демек, Төле би көшесінің кейбір учаскелеріндегі құрылыс қараша айының соңына дейін аяқталуы мүмкін болғанымен, бұл бүкіл LRT желісі сол кезде пайдалануға беріледі дегенді білдірмейді.
Ulysmedia.kz редакциясы Алматы әкімдігінен LRT бағытына, құрылыс жұмыстарының мерзіміне және көшедегі жағдайға қатысты ақпарат сұрады. Алайда әкімдіктің жауабы құрылыс барысы туралы қысқаша мәліметпен шектелді.
«Алматы қаласында LRT-ның бірінші желісін салу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Б. Момышұлы көшесінде темірбетон шпалдар мен рельстерді төсеу басталды. Сонымен қатар басқа учаскелерде, соның ішінде Төле би көшесінде инженерлік коммуникацияларды қайта орналастыру және трассаны құрылыстың келесі кезеңдеріне дайындау жұмыстары жалғасып жатыр», – деп қысқа қайырды әкімдік.
Урбанист Әлихан Көшербаевтың пікірінше, Алматыдағы негізгі көлік мәселелерінің бірі – тұрғындардың күн сайын батыс аудандардан қаланың шығыс бөлігіне қатынауы. Қаланың шығыс бөлігінде жұмыс орындары, сауда және қызмет көрсету нысандары шоғырланған, ал батыс аудандарда тұрғын үйлер көп. Соның салдарынан таңертең шығысқа қарай, кешке кері бағытта көлік ағыны күшейеді.
Маманның айтуынша, жаңа LRT желісі метроға және батыстан шығысқа қатынайтын басқа қоғамдық көлік бағыттарына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
«Қалада маятниктік көші-қон мәселесі өте өзекті. Қаланың орталығында, дәлірек айтқанда, шығыс бөлігінде жұмыс орындары, сауда және қызмет көрсету нысандары шоғырланған. Ал батыс аудандарда тұрғын үйлер көп. Таңертең батыс аудандардың тұрғындары қаланың шығыс бөлігіне қарай ағылып, қолданыстағы көлік жүйесіне салмақ түсіреді. Кешке кері бағытта қозғалады.
Қазір негізгі магистральдық қоғамдық көлік – метро. Оның өзінде жолаушылардың шамадан тыс көптігіне байланысты қиындықтар туындап отыр. Райымбек батыр көшесіндегі BRT желісі бұл жүктеменің бір бөлігін өзіне алуы керек еді. Бірақ оны не себепті алып тастағаны белгісіз. Нәтижесінде кәдімгі автобус жолақтары ғана қалды. Олар магистральдық қоғамдық көлік үшін ең тиімді шешім емес.
Осылайша, урбанист LRT-ны қоғамдық көлік жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін жоба деп бағалайды. Дегенмен оның тиімділігі тек жаңа желінің салынуына байланысты емес. Автобус бағыттарымен байланысы, аялдамалардың қолжетімділігі және пойыздардың жүру жиілігі де маңызды.
Құрылыс кезінде тұрғындар үшін ең маңызды мәселелердің бірі – көшенің екі жағында қауіпсіз әрі ыңғайлы жүріп-тұру. Жол бойындағы қоршаулар, қазылған учаскелер мен уақытша өткелдер жаяу жүргіншілердің қозғалысына әсер етеді. Ал көлік қозғалысы дұрыс ұйымдастырылмаса, жақын маңдағы көшелерде де кептеліс күшеюі мүмкін.
Әлихан Көшербаевтың пікірінше, құрылыс кезінде әкімдік көлік ағынын қайта ұйымдастыруға көбірек көңіл бөлуі керек еді. Оның айтуынша, кейбір автобус бағыттарын көршілес көшелерге ауыстыру немесе жеке автокөліктердің қозғалысын уақытша шектеу сияқты шешімдерді қарастыруға болатын еді.
«Құрылыс тұрғындарға айтарлықтай қолайсыздық туғызып жатыр. Бұл жерде әкімдік қаладағы көлік ағынын қалай қайта ұйымдастыру керектігін ойластыруы керек еді. Мәселен, автобустар кептелісте тұрып қалмауы үшін кейбір бағыттарды көршілес көшелерге ауыстыруға немесе жеке көліктердің қозғалысын уақытша шектеуге болатын еді.
Қазылған учаскелердің бойына қоршаулар орнату туралы шешім де оғаш көрінеді. Өйткені олар көшеден өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілердің көрінуіне кедергі келтіреді».
Бұл мәселе қыс мезгілінде де өзекті болмақ. Қар мен жаңбыр кезінде жол жиегіне су жиналып, жаяу жүргіншілер өткелдері тар немесе нашар көрінетін болса, адамдардың қауіпсіз жүріп-тұруына қосымша қиындық туындайды.
Сондықтан құрылыстың аяқталу мерзімін ғана емес, жұмыс барысында тұрғындарға қандай жағдай жасалғанын да бағалау қажет.
Төле би көшесінде LRT құрылысына дайындық аясында инженерлік коммуникациялар қайта орналастырылып жатыр. Алматы әкімдігінің мәліметінше, жоба аясында жылу, су құбыры, кәріз, нөсер кәрізі, газ және электр желілерін қоса алғанда, 375 инженерлік коммуникацияны қайта орналастыру қарастырылған.
Урбанистің түсіндіруінше, мұндай жұмыстар – рельсті көлік инфрақұрылымын салу кезіндегі қалыпты тәжірибе. Себебі болашақта құбырларды жөндеу үшін рельстерді қайта қазып, пойыз қозғалысын тоқтатуға тура келмеуі керек.
«Инженерлік желілерді қайта орналастыру – мұндай жобаларда қалыпты тәжірибе. Мысалы, құбырларды ауыстыру қажет болды делік. Ол үшін трамвай қозғалысын тоқтатып, рельстерді қайта қазуға тура келсе, бұл мүлдем қисынсыз болар еді. Сондықтан желілерді трамвайлар үздіксіз қатынай алатындай етіп алдын ала көшіреді».
Демек, инженерлік желілерді көшіру – болашақта LRT қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз етуге арналған шара. Дегенмен бұл жұмыстың қаншалықты тиімді ұйымдастырылғанын бағалау үшін нақты учаскелердегі құрылыс мерзімі мен оның қозғалысқа әсерін де ескеру қажет.
Бұған дейін БАҚ-та жарияланғандай, 2026 жылғы маусымда Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов қалалық мәслихат отырысында LRT құрылысына 61,4 млрд теңге қарастырылғанын хабарлаған еді.
Бұл – LRT құрылысына бөлінген қаражат туралы жарияланған мәлімет. Оны бүкіл жобаның жалпы құнымен немесе желіні кейін пайдалануға кететін шығындармен шатастырмаған жөн. Жобаның қаржылық тиімділігін бағалау үшін құрылыс құнымен қатар пайдалану шығындары, жолаушылар саны және жол жүру уақытының қаншалықты қысқаратыны туралы нақты деректер қажет.
Алматыда жеңіл рельсті көлік салу туралы әңгіме бүгін ғана басталған жоқ. Журналист Давид Каминскидің «Власть» басылымында 2020 жылы жарияланған зерттеуінде қаладағы LRT жобасының тарихы мен оны жүзеге асыруға қатысты кейінге шегерілген жоспарлар баяндалған.
Материалда Алматыда жылдам трамвай салу идеясы 1980-жылдардың ортасында пайда болғаны айтылады. 1985 жылы әзірленген жобада бағыттың негізгі бөлігі Төле би көшесімен өтуі тиіс болған. Кейін 2000-жылдары да жеңіл рельсті көлік салу мәселесі бірнеше рет көтеріліп, оның бағыты мен құрылыс мерзіміне қатысты түрлі жоспарлар жарияланған.
2008 жылы ұсынылған нұсқалардың бірінде алғашқы желінің ұзындығы 13,8 шақырым деп көрсетілсе, 2014 жылы бағыт 22 шақырымға дейін ұзартылған. Сол кезеңдерде жобаны жүзеге асырудың әртүрлі мерзімі мен құны айтылған. Алайда жоспарлардың бірнеше рет өзгеруі жобаның ұзақ уақыт бойы жүзеге аспауына әкелді.
Бұл тарихи деректер бүгінгі жобаның тиімділігіне қатысты маңызды сұрақ туғызады: Алматы LRT құрылысын тек жаңа көлік түрін енгізу ретінде қарастыра ма, әлде қаланың қоғамдық көлік жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталған ұзақ мерзімді шешім ретінде жүзеге асыра ма?
Көшербаевтың пікірінше, магистральдық қоғамдық көлікке инвестиция салу негізінен орынды. Алайда ол Алматыда таңдалған LRT жүйесінің техникалық шешімдеріне қатысты сұрақтар бар екенін айтады. Атап айтқанда, маман дәстүрлі байланыс желісінен қуат алатын трамвай мен суперконденсатор арқылы жұмыс істейтін құрамдардың айырмашылығына назар аударады.
«Тиімділігі дәлелденген магистральдық қоғамдық көлік түрлеріне салынған инвестицияның басым бөлігі өзін ақтайды. Алматыда трамвай салу метроның жер асты немесе жер үсті желісін салумен салыстырғанда әлдеқайда арзан әрі жылдам. Жер үстімен трамвай жолын жүргізу оңайырақ, арзанырақ және аз уақыт алады.
Бірақ мұнда таңдалған шешімнің тиімділігі дәлелденген болуы маңызды. Биліктің байланыс желісінен қуат алатын кәдімгі трамвайдың орнына суперконденсаторлармен жұмыс істейтін құрамдарды таңдауы сұрақ туғызады. Бұл – сирек қолданылатын технология. Әдетте трамвайлар байланыс желісі арқылы қуат алады.
Суперконденсаторларды жиі қуаттап отыру қажет. Әр аялдамада құрамдарды қуаттайтын станциялар орнатылуы мүмкін. Алайда әр қуаттау кезінде пойыз тоқтап, уақыт жоғалтады. Ал байланыс желісі болса, мұндай мәселе туындамас еді. Сондықтан бұл шешімді мұқият қарастыру қажет. Меніңше, дәстүрлі әрі уақыт сынынан өткен қуаттандыру жүйесіне көшу мәселесін де қарастырған жөн.
Күтілетін нәтижеге келсек, бұл жүйе көп жолаушыны жылдам тасымалдауы керек. Ол үшін трамвай жолдарын басқа көлік ағынынан толық бөліп, бағдаршамдарда трамвайларға басымдық беру қажет. Сонда олар қиылыстарда кідірмейді. Сонымен қатар жолаушылардың аялдамаларға жаяу жетуі ыңғайлы болуы керек. Осындай жағдай жасалса, инвестиция өзін ақтады деп айтуға болады».
Оның пікірінше, жобаның ақталуы үшін пойыздар басқа көлік ағынынан толық бөлініп, бағдаршамдарда басымдыққа ие болуы керек. Сонымен бірге жолаушылардың аялдамаларға жаяу жетуі ыңғайлы болғаны маңызды. Әйтпесе жаңа желі салынғанымен, оның қоғамдық көлік жүйесіне беретін пайдасы күткендей болмауы мүмкін.
Ulysmedia тілшісі Төле би көшесін жаяу аралап, тұрғындардан LRT құрылысы қаншалықты қолайсыздық туғызып жатқанын және жаңа желі іске қосылғаннан кейін кептеліс азаяды деп ойлай ма, соны сұрастырды. Айта кетейік, Төле би көшесін екі күн қатарынан аралағанымызда, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр деп айту қиын екенін байқадық. Өйткені бірнеше жерде ғана құрылыс техникасы мен жұмысшыларды көрдік. Сонымен қатар бұл көшенің бойында бірнеше ірі жоғары оқу орны, «Тастақ» базары мен «Сайрам» автобекеті орналасқандықтан, адам ағыны өте көп. Пікірін сұраған тұрғындардың көбі жол құрылысының қолайсыздық туғызып жатқанын айтты.
«Бізге бұл жол құрылысы қолайсыздық туғызып жатыр. Тезірек бітірсе дұрыс болар еді. Мұның бәрі қанша уақытқа созылатынын білмейміз ғой, мүмкін, жылдарға созылатын шығар. Оның үстіне қазір жол тарылғандықтан, көліктер жаяу жүргіншілер жолына шығып, сол жерде тұрып алатын болған. Содан адамдар жүретін жер таппай қалады. Сөйтіп жүргенде автобус та кетіп қалады. LRT салынып біткен соң кептеліс азаятынына жүз пайыз сенімді емеспін. Бәлкім, қандай да бір жеңілдік болар. Дегенмен құрылысты тезірек аяқтаса екен деймін», – деді қала тұрғыны.
Бұл көшенің бойында бірнеше университет орналасқандықтан, студенттер де көп жүреді. Олардың айтуынша, сабаққа уақытында жету үшін таңертең ертерек шығуға тура келеді, ал үйлеріне кеш қайтады.
«Таңертең сабаққа кешігеміз, күнде кептеліс. Шынымды айтсам, кейде жаяу жүретін жол да таппай қаламыз. Өйткені көліктер жолға сыймай, шетке шығып кетеді. Болашақта бәрі тек LRT-мен жүреді деп айта алмаймын. Автобус та, жеке көлік те бар, адамдардың таңдау мүмкіндігі бәрібір болады ғой», – деді студент.
Ал кейбір қала тұрғындары LRT салынып біткеннен кейін кептеліс айтарлықтай азаятынына сенетінін айтты.
«Иә, қазір кептеліс те, қолайсыздық та бар. Оны бәрі көріп, біліп жүр. Егер LRT салынып бітсе, кептеліс азаяды деп сенемін», – деді қала тұрғыны.
Алматы әкімдігінің ресми ақпараты бойынша, LRT іске қосылғаннан кейін Бауыржан Момышұлы және Төле би көшелерінің ортаңғы екі жолағы пойыздардың жүруіне беріледі. Желі автомобиль қозғалысынан бөлініп, қоғамдық көліктің кедергісіз әрі тұрақты жүруіне жағдай жасалуға тиіс.
Алайда көлік жүйесінің тиімділігі тек жаңа рельстермен өлшенбейді. Егер тұрғындарға аялдамаларға жету қиын болса, автобус бағыттары LRT-мен дұрыс үйлестірілмесе немесе пойыздар бағдаршамдарда кідірсе, күтілген нәтиже төмендеуі мүмкін.
Сондықтан негізгі мәселе – LRT-ның қашан салынып бітетіні ғана емес, оның күнделікті өмірде қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні. Алматылықтар үшін жобаның шынайы нәтижесі оның ресми түрде іске қосылған күнімен емес, жұмысқа жетуге кететін уақыттың қысқаруымен, қоғамдық көліктің қолжетімділігімен және көшелердегі қозғалыстың қауіпсіздігімен өлшенеді.
Авторы: Перизат Жарылқасын.