Чемпиондық атақтан қағылған «Қайраттың» бас бапкері қызметінен кетті

prosports.kz

Алматылық «Қайраттың» бапкерлер құрамында өзгеріс болды. Команданы екі рет Қазақстан чемпионы атандырып, клуб тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығарған Рафаэль Уразбахтин қызметінен кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

26 қазанда футбол клубы 47 жастағы маманның қызметінен кеткенін ресми түрде хабарлады.

«Қайраттың» мәліметінше, Уразбахтин бас бапкер қызметінен кету туралы шешімді өзі қабылдаған. Клуб басшылығы оның өтінішін қанағаттандырды.

Бір күн бұрын алматылықтар Қазақстан Премьер-лигасының 29-турында «Ақтөбемен» кездесіп, 2:2 есебімен тең түскен еді.

Осы ойыннан кейін «Қайрат» чемпиондық атағын сақтап қалу мүмкіндігінен біржола айырылды.

Алайда клуб басшылығы бапкердің қызметтен кетуіне кейінгі матчтің нәтижесі тікелей әсер еткен-етпегенін нақтыламады.

«Қайраттың» бас бапкері кім болады?

Уразбахтин кеткеннен кейін бас бапкердің міндетін уақытша атқару Жора Арутюнянға жүктелді.

Ол бұған дейін «Қайрат-Жастар» жастар командасын жаттықтырған.

Енді алматылықтар «Алтайға» қарсы алдағы кездесуге Арутюнянның жетекшілігімен дайындалады.