Украина Абу-Дабиде жоспарланған Ресей және АҚШ-пен кезекті келіссөздерді ертерек өткізуге тырысып жатыр. Киев кездесуді кемінде бір аптаға ерте ұйымдастыруды ұсынып, оған Еуропа өкілдерін де қатыстырғысы келеді. Алайда Украина тарапы соғыс жақын арада аяқталады деп күтпейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үшжақты келіссөздердің келесі кезеңін алдын ала 10 қарашаға немесе осы күннен кейінгі бірнеше күннің біріне өткізу жоспарланған. Кездесу АҚШ Конгресіне аралық сайлау өткеннен кейін ұйымдастырылуға тиіс.
Алайда «Украинская правда» басылымының жазуынша, Украина Вашингтонмен бірлесіп, Мәскеуді келіссөздерді қарашаның басына ауыстыруға көндіруге тырысып жатыр.
Владимир Зеленский командасындағы дереккөздің түсіндіруінше, қыс жақындап, елдегі энергиямен қамту мәселесі күрделеніп жатқандықтан, келіссөздердің кешігуі Украинадағы жағдайды одан әрі қиындатуы мүмкін.
– Желтоқсанда әр аптаның маңызы зор болады. Жарық, су немесе жылу болмаған кезде әр күннің өзі маңызды, – деді басылымға сұхбат берген дереккөз.
25 қазан кешіндегі жағдай бойынша, Ресей тарапы кездесуді ертерек өткізуге әлі келісім бермеген.
Киев алғашқы келіссөздерден нақты келісім шыға қоюы екіталай екенін түсінеді.
Басылым дереккөздерінің бағалауынша, тараптарға кемінде үш кездесу қажет болуы мүмкін.
Зеленский командасының өкілдерінің бірі келіссөзге қатысатын делегациялардың құрамы өзгеруі мүмкін екенін айтады.
Сондықтан алғашқы кездесу делегация мүшелерінің танысуымен өтсе, екіншісінде нақты мәселелер талқылануы ықтимал. Ал алғашқы шешімдер тек үшінші кездесуде қабылдануы мүмкін.
Сонымен қатар, украиналық шенеуніктер Мәскеу қыс айларында Киевке қысымды күшейтуді көздеп отыр деп есептейді.
Тағы бір маңызды мәселе – келіссөзге кімдердің қатысатыны.
Украина талқылауға Еуропа одағы өкілдерінің де қатысқанын қалайды. Алайда басылым мәліметінше, Ресей олардың алғашқы кездесуде келіссөз үстеліне отыруына қарсы.
Соған қарамастан Киев еуропалық серіктестерін Абу-Дабиге алып барып, келіссөздердің барысынан оларды дерлік сол сәтте хабардар етіп отыруды жоспарлап отыр.
– Ресейліктер алғашқы кездесуде еуропалықтардың келіссөз үстеліне отырғанын қаламайды. Бірақ біздің тарап оларды Абу-Дабиге алып барып, келіссөздердің барысы туралы сол жерде жедел ақпарат беріп отырады, – деді келіссөз тобына жақын дереккөз.
Оның айтуынша, басты мәселе – Еуропа одағында әзірге барлық мүше мемлекеттің атынан шешім қабылдауға өкілетті бірыңғай өкілдің болмауы.
Дегенмен соңғы кездесулерде Еуропа тарапынан Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің аппарат басшысы әрі ең жақын көмекшісі Бьорн Зайберт қатысқан.
Киев келіссөздердің жүргізілу тәртібін де өзгерткісі келеді.
Украина тарапы талқылауды жекелеген елді мекендердің кімге тиесілі екенінен бастамай, алдымен соғыс аяқталғаннан кейінгі қауіпсіздік жүйесінің қандай болатынын анықтауды ұсынып отыр.
Атап айтқанда, Украинаның қауіпсіздігіне берілетін кепілдіктер, НАТО-мен алдағы ынтымақтастық және жаңа қақтығыстың алдын алу тетіктері талқылануға тиіс.
Басылым дереккөздерінің бірінің айтуынша, келісімге келу үшін АҚШ президенті Дональд Трамптың құр уәдесі жеткіліксіз.
– Біз әлемнің осы бөлігіндегі жағдай алдағы уақытта қандай болатынын, Украинаның қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін, НАТО-мен ынтымақтастық қандай сипат алатынын немесе басқа қандай тетіктер қарастырылатынын нақты көрсетуіміз керек. Біздің елде Трампқа деген сенім Путинге деген сенімнен небәрі 6 пайыз жоғары. Сондықтан мұнда ешкім Трамптың уәдесіне ғана сүйеніп шешім қабылдамайды, – деді дереккөз.
«Украинская правда» басылымының дереккөздері америкалық келіссөз жүргізушілер Джаред Кушнер мен Стив Уиткофф Владимир Путинге қауіпсіздіктің жаңа үлгісін талқылауды ұсынғанын да айтады.
Олардың сөзінше, Ресей президенті мұндай мүмкіндікті қарастыруға келіскен көрінеді.
Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Киев ықтимал келісімді Украина өңірлерінің тұрғындары қалай қабылдайтынына да ерекше мән беріп отыр.
Басылым мәліметінше, Украина парламентіндегі «Халық қызметшісі» фракциясының жетекшісі Давид Арахамия АҚШ тарапына бейбіт келісім шарттары Харьков пен Днепр тұрғындары үшін де қолайлы болуы керектігін түсіндірген.
Ол Донбастан кейін дәл осы өңірлерге қысым күшеюі мүмкін екенін атап өткен.
Сондықтан оның пікірінше, осы аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жергілікті тұрғындардың қолдауына ие болатын келісімді ғана тұрақты деп санауға болады.
Еске салайық, бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Мәскеудің 4 қарашадан кейін үшжақты келіссөздерге қайта оралуға дайын екенін мәлімдеген.
– Ендігі белгіленген мерзім – 4 қараша, біздің үлкен мерекеміз. Осыдан кейін келіссөздерді қайта бастауға дайын боламыз, – деді ол «Вести» арнасына берген сұхбатында.
Сонымен қатар, Ушаков үзілістен кейінгі алғашқы кездесуден айтарлықтай нәтиже күтуге болмайтынын ескерткен.
– Алғашқы кездесуде де көп мәселе шешіле қоймайды. Ол, бәлкім, тараптардың ұстанымдарын барлап көретін кездесу болар, – деді Кремль өкілі.
Келіссөз өткізу мүмкіндігі 21 қазанда Санкт-Петербургте Владимир Путин мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың кездесуінде талқыланған.
Кездесуден кейін Ресей тарапы Абу-Дабиді келіссөздердің келесі кезеңі өтуі мүмкін орындардың бірі ретінде атаған.