Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ірі байлық иелері үшін жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылауды ұсынды. Бұл туралы ол салық саясатын жетілдіру мәселесіне тоқталған кезде айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Мемлекет басшысының пікірінше, салық салудағы әділдікті қамтамасыз ету үшін әр азамат елдің дамуына шамалас әрі адал үлес қосуға тиіс.
– Ірі байлық иелері үшін жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылайтын уақыт келді деп санаймын. Заңды жолмен сатып алынған активтерге қандай да бір шектеу қою көзделмегенін атап өткім келеді. Бұл Конституцияның өзіне қайшы болар еді. Әңгіме әр азаматтың еліміздің дамуына қосатын үлесі әділ әрі шамалас болуы туралы болып отыр. Бұл – әділдік мәселесі, – деді президент.
Тоқаев Үкімет пен Құрылтайға осы мәселені зерделеп, ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Сонымен қатар президент жаңа Салық кодексін қолдану кезінде бизнес тап болған қиындықтарды жою қажеттігін айтты. Оның сөзінше, салық заңнамасындағы қайшылықтарды түзетіп, нормалардың екіұшты түсіндірілуіне жол бермеу және кәсіпкерлерге түсетін артық салмақты азайту қажет.
Мемлекет басшысы салық жүйесі бизнестің дамуына, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кедергі келтірмеуге тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкіметке бизнес өкілдерінің пікірін ескеріп, салық заңнамасына нүктелі өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелді.
Тоқаев салық жинауды жақсарту, көлеңкелі экономиканы қысқарту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін жасанды интеллектіні қоса алғанда, озық технологияларды пайдалану қажеттігін де айтты.