Қазақстанда әлеуметтік көмекті тек шын мұқтаж азаматтарға беру қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саясатты қысқа мерзімді міндеттерден стратегиялық мақсаттарға бағыттауды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Президенттің айтуынша, халық санының өсуі мен ішкі көші-қон әлеуметтік нысандарға түсетін салмақты арттырған. Мектептер мен ауруханаларға сұраныс көбейгенімен, бұған дейін мемлекеттік ресурстардың бір бөлігі әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға негізсіз жұмсалған.
Тоқаевтың сөзінше, бұрын әлеуметтік көмекті табысы жеткілікті отбасылар да алған. Мұндай тәсіл қоғамда мемлекетке тәуелділік көңіл күйін күшейтіп, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде заңсыздықтар мен сыбайлас жемқорлыққа жол ашқан.
Мемлекет басшысы бюджет қаражаты есебінен орынсыз жеңілдіктер мен төлемдерді көбейтуді популизм деп бағалады. Оның пікірінше, әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты азаматтарды төлемдерге тәуелді ету емес, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру болуы керек.
– Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы, – деді президент.
Сонымен қатар ол әлеуметтік саясатты өзгерту кезінде азаматтардың жағдайын ескеру қажеттігін атап өтті. Әрбір реформаны терең сараптап, жаңа әлеуметтік көмек тәсілдері мен ақпараттық жүйелерді алдын ала тексеру керек. Президент мұндай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана кеңінен қолдануды ұсынды.
Тоқаев адам капиталының сапасын арттыруға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға басымдық берілетінін айтты.
Контекст
Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар әлеуметтік төлемді тағайындау тәртібі өзгереді. Отбасының материалдық жағдайын бағалау кезінде табысы, жылжымайтын мүлкі, көлігі және басқа да көрсеткіштері ескеріледі.
Жаңа жүйе тұрғындардың наразылығын туғызды. Қазақстандықтар ипотекасы, несиесі және күнделікті шығыны көп болса да, әл-ауқатты бағалау калькуляторы оларды ауқатты санатқа жатқызатынына шағымданып жатыр.