Қазақстанда шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындап келеді. Тұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШАҒЫН БИЗНЕСТІҢ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?
Тоқаев шағын бизнес көптеген елде экономиканың қозғаушы күші саналатынын атап өтті.
«Бүгінде бұл саладағы кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы саудамен айналысады. Сол себепті шағын бизнес құрылымын әртараптандыруға баса мән беру қажет деп үнемі айтып жүрміз. Сонымен қатар Үкіметтің алдында орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу міндеті тұр», - деді президент.
Мемлекет басшысы құжатта кәсіпорындарды ұзақмерзімді каржыландыру әрі технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері көрсетілуі қажет екенін айтты. Оның сөзінше, орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеп, оларға өз өнімдерін өткізуіне жағдай жасау керек.
МОРАТОРИЙ ЕНГІЗУДІҢ ТИІМДІЛІГІ
Бұл ретте президент бұның алдындағы мораторийдің тиімді болғанын атап өтті.
«Бизнес белсенділігін талдау көрсеткендей, кәсіпкерлікке кедергі келтірмеудің өзі жеткілікті. Бұл тұрғыда 2020–2023 жылдары микро және шағын бизнесті тексеруге енгізілген мораторий тәжірибесі өте пайдалы. Бұл шара өзінің тиімділігін дәлелдеді. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесе отырып, бұрынғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын ескере келе, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізудің қаншалықты дұрыс болатынын талқылауды ұсынамын», - деді Тоқаев.