Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық заңнамасына өзгерістер енгізуді тапсырды. Оның айтуынша, қолданыстағы Салық кодексіндегі қайшылықтарды жойып, кәсіпкерлерге түсетін артық салмақты азайту қажет, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Мемлекет басшысы салық саясатын жетілдіру ел алдындағы басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Жаңа Салық кодексі бүкіл жүйені кешенді жаңғыртуға негіз болғанымен, ауқымды реформаны жүзеге асыру барысында алдын ала ескеру қиын мәселелер де анықталған. Соның салдарынан бизнес өкілдері кейбір нормаларды қолдануда қиындықтарға тап болып отыр.
– Салық кодексі – догма да, қасиетті жазба да емес. Ол шынайы өмірден алшақ болмауға тиіс. Сондықтан қайшылықтарды жойып, нормаларды екіұшты түсіндіруге жол бермеу, кәсіпкерлерге түсетін артық салмақты азайту қажет, – деді президент.
Тоқаевтың пікірінше, салық жүйесі бизнестің дамуына ынтасын жоймауы, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кедергі келтірмеуі керек.
Осыған байланысты Үкіметке бизнес өкілдерінің пікіріне құлақ асып, салық заңнамасына нақты өзгерістер пакетін әзірлеу тапсырылды.
Президент өзгерістерді жан-жақты пысықтап, кәсіпкерлердің жұмыс ережелерін қайта-қайта өзгертуге жол бермеу керегін ескертті.
– Заңнамамыздың күрделілігі соншалық, оны түсіну қиын. Бұл кәсіпкерлер үшін нағыз бас ауруына айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Контекст
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ірі байлық иелері үшін жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылауды ұсынған еді. Бұл туралы ол салық саясатын жетілдіру мәселесіне тоқталған кезде айтты.