Дана Медеуова балалар құқығын қорғау жөніндегі депутаттық топты басқарады

t.me/quryltairesmi

Топ балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатысты заңнаманы жетілдірумен айналысады. Оның құрамына балалар құқығын қорғау мәселелерімен айналысатын депутаттар кіреді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Құрылтай депутаты Дана Медеуова «Қазақстан балалары» атты жаңа депутаттық топтың жетекшісі болды. Ол топтың жұмысын бастағанын Астанада өткен Орталық Азия елдерінің бала құқықтары жөніндегі уәкілдерінің екінші халықаралық форумында мәлімдеді.

– Бүгін Құрылтайдың “Қазақстан балалары” депутаттық тобы жұмысын бастайды. Біз заң шығару жұмысында балалардың құқықтары, қауіпсіздігі, денсаулығы мен әл-ауқаты басты назарда болғанын қалаймыз, – деді депутат.

Медеуова топтың қалай жұмыс істейтінін, оның құрамына қанша депутат кіретінін және қандай заң жобаларын ұсынатынын нақтыламады.

Форумда балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Қатысушылар технологиялардың балалардың дамуына әсерін және барлық баланың, соның ішінде мүгедектігі бар балалардың да білім алуға тең қол жеткізу мүмкіндігін талқылады.

Контекст

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Дана Медеуова Instagram-да Құрылтайдағы жұмысын көрсеткен еді.