Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот Шымкент қаласы ҰҚК департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты үкімнің күшін жойды. Ол пара алу және ақшаны жылыстату айыптары бойынша 12 жылға сотталған еді. Енді іс қайта қаралады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкімнің күші жойылғанын Сарбасовтың адвокаты Жасұлан Әсілбеков Instagram-парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, сот алқабилердің дауыс беру тәртібінен заңбұзушылықтар анықтаған.
– Бұл – соттың маңызды шешімі әрі заңдылық пен әділдік жолындағы күрестің елеулі кезеңі. Күрес жалғасып жатыр, – деп жазды адвокат.
Сарбасовқа қандай айып тағылды?
Іс 2019-2020 жылдардағы оқиғаларға байланысты. Тергеу нұсқасы бойынша, Сарбасов кәсіпкер Эльмира Дүйсенқызыдан колледжге қамқорлық жасау үшін 45 млн теңге, ал жекеменшік мектепке көмектесу үшін тағы 70 млн теңге алған.
Айыптау тарапының мәліметінше, ол кәсіпкердің бизнесін тексерулерден қорғап, алған ақшасына екі пәтер мен жол талғамайтын көлік сатып алған.
Бірінші сатыдағы сот Сарбасовты аса ірі мөлшерде пара алу, ақшаны жылыстату және қызметтік әрекетсіздік жасады деп таныды. Оны орташа қауіпсіздік мекемесінде 12 жылға бас бостандығынан айырып, подполковник шенінен айырды және мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуіне тыйым салды.
2026 жылғы қаңтарда Шымкент апелляциялық соты Сарбасовқа пәтерін қайтарып, сатылған Toyota Land Cruiser 200 көлігі үшін 17 млн теңге өндіріп алу туралы шешімнің күшін жойды. Ал бас бостандығынан айыру мерзімі мен мемлекет кірісіне 70 млн теңге өндіру туралы шешім өзгеріссіз қалды.
Қорғау тарапы не деді?
Қорғаушылар әуел бастан істің бір адамның сөзіне ғана негізделгенін алға тартты. Айыптау Дүйсенқызының көрсетулеріне сүйенген. Оның өзі де бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша тергеуге тартылған. Сарбасов туралы ол алғаш рет тек 2023 жылы мәлімдеген.
– Айыптау тек бір мүдделі адамның көрсетулеріне негізделген. Мен мұндай істі алғаш рет көріп отырмын, – деген еді Әсілбеков.
Істегі басты айғақтардың бірі де жарамсыз деп танылды. Сот кәсіпкер ұсынған аудиожазбаларды дәлел ретінде қабылдамады. Себебі олар ҰҚК қызметкерлерінің қызметтік диктофонына жазылған.
Адвокат сондай-ақ алқабилердің аудармашыны шеттету мәселесін талқылағанын, ал судьяның сот процесінде өзі аударма жасағанын атап өтті.
– Біз екі жылдан бері тозақта өмір сүріп келеміз, ал дәлел мүлде жоқ. Хат алмасу да, ақша аударымдары да, ештеңе жоқ, – деді сотталған азаматтың әйелі Динара Сарбасова.