ОКҚ модераторы қызметінен кетіп, қорғаныс министрінің кеңесшісі болды

Ulysmedia коллажы

Қазақстан президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде жеті жыл бойы брифингтерді жүргізген Маржан Бақтиярқызы жаңа қызметке тағайындалды. Ол қорғаныс министрінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Маржан Бақтиярқызы Орталық коммуникациялар қызметінен кеткенін Instagram-дағы парақшасында жазды.

Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Коммуникация саласында он жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Еңбек жолын Ақпарат және талдау орталығында бастаған. Кейін Atameken Business телеарнасында және Қаржы министрлігіне қарасты Қаржы академиясында жұмыс істеген.

2019 жылы Орталық коммуникациялар қызметіне ауысып, мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтетін баспасөз іс-шараларын ұйымдастыруға және жүргізуге атсалысқан.

– ҚР президенті жанындағы ОКҚ-да жеті жыл жұмыс істедім. Үлкен тәжірибе, 2 мыңға жуық баспасөз іс-шарасы және досқа айналған адамдар. Алда жаңа кезең күтіп тұр, – деп жазды ол.

2025 жылдың қыркүйегінде Маржан Бақтиярқызы дау ортасында қалды. Сол кезде журналистер алдында денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов сөз сөйлеген. БАҚ өкілдері одан стоматологиялық клиникалар арқылы зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару және медициналық деректердің таралуы туралы сұрамақ болған.

Алайда модератор сұрақтарды бірнеше рет бөліп, кездесудің ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртуға арналғанын түсіндірген. Журналистерге жауап алу үшін министрліктің баспасөз қызметіне жазбаша сауал жолдау ұсынылған. Соның салдарынан БАҚ өкілдері бірқатар сұрағына жауап ала алмады.

Коммуникация саласындағы кадрлық өзгерістер

Айта кетейік, 20 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінің басшылығы да ауысты. Төрт жылдан астам уақыт мекемені басқарған Асқар Омаров қызметінен кетті. Оның орнына бұған дейін Президент әкімшілігінің коммуникациялар бөлімін басқарған Қанат Құлшыманов тағайындалды.

Каспий теңізінде теңізшілердің қаза табуынан кейін Қорғаныс министрлігінің басшылығында да өзгеріс болды. Дәурен Қосанов қызметінен босатылып, министр лауазымына Айдос Мырзахметов келді.