Өлтіреміз деп қорқытып, 17 миллион теңге талап еткен: Қостанайда екі ер адам ұсталды

ПД

Қостанайда ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Тергеу мәліметінше, олар бірнеше апта бойы қала тұрғынын күш қолданамыз деп қорқытып, одан 17 миллион теңге талап еткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер бұған дейін де сотталған.

Тергеу нұсқасы бойынша, ер адамдар қыркүйек айынан бері жәбірленушіден 17 миллион теңге талап етіп келген. Ақшаны алу үшін оны ұрып-соғамыз, сазайыңды тартқызамыз деп қорқытқан.

28 қазанда күдіктілерді Ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері «Бүркіт» арнайы жасағымен бірлесіп ұстады.

Тінту кезінде не табылды?

Тінту барысында полицейлер 4,4 миллион теңге, Kia Sportage автокөлігі мен ұялы телефондарды тәркіледі.

Екі күдікті де тергеу изоляторына қамалды.

Оларға қатысты алдын ала сөз байласқан адамдар тобының бопсалау әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Күдіктілердің әрекетіне түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.