Херсон облысында Ресей мен Украина Олешки қаласы маңындағы атысты уақытша тоқтатып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын аяқтады. Адамдарды қауіпті аймақтан аман-есен алып шығу мүмкін болды. Екі тараптың келісімге келуіне атсалысқан АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп мұны бейбітшілікке деген үміттің белгісі деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
31 қазанда Украинадағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Дмитрий Лубинец тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары аяқталғанын хабарлады.
Қауіпті аймақтан шығарылғандардың арасында қарттар мен кішкентай балалары бар отбасылар болған. Олардың ең үлкені 94 жаста болса, ең кішісі бір жастан енді асқан.
Тұрғындарды Украина билігінің бақылауындағы аумаққа жеткізу үшін Ресейдің Анапа қаласы мен Беларусь арқылы өтетін жол ұйымдастырылды.
Осы жұмыстар кезінде Ресей мен Украина әскери қимылдарды уақытша тоқтатуға келіскен. Келісім бойынша атысты тоқтату тәртібі 1 қарашаның кешіне дейін сақталуға тиіс.
АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп Лубинецтің X әлеуметтік желісіндегі хабарламасына пікір білдірді.
«Бұл – баянды бейбітшілікке деген үміт. Олешкидегі жағдай адамгершілікті соғыстан жоғары қоя алатынымызды дәлелдейді. Біз бірлесе отырып, балаларымыз үшін бейбіт әрі үмітке толы әлем құра аламыз», – деп жазды Мелания Трамп.
Тұрғындарды көшіру жөніндегі келісімге оның араағайындығымен қол жеткізілген. Келіссөздерге Рим папасы XIV Лев те қатысқан.
Олешки қаласы Херсонға қарама-қарсы, Днепр өзенінің сол жағалауында орналасқан. Қала 2022 жылдан бері Ресей әскерінің бақылауында.
Соғыс салдарынан жергілікті тұрғындар азық-түлік, дәрі-дәрмек пен таза ауызсу тапшылығына тап болған.
23 қазанда Ресей мен Украина Олешки қаласы маңындағы атысты уақытша тоқтату туралы келісімге келген.
Бастапқы жоспар бойынша, бітім 29 қазанда күшіне еніп, осы уақыт аралығында қалаға гуманитарлық көмек жеткізіліп, кеткісі келетін тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілуі керек болған.
Келіссөздерге Мелания Трамп та қатысқан. Бұған дейін ол Олешкиде азық-түлік пен дәрі-дәрмекке мұқтаж қарт адамдардың көп екенін айтқан еді.
Жоспар бойынша, гуманитарлық операция кезінде екі тараптың өкілдері тұрғындармен кездесіп, оларға қандай көмек қажет екенін анықтауға тиіс болған.
Қаладан кеткісі келетіндерге көлік пен жол бойында бірге жүретін адамдар беріледі деп уәде етілген.
Ал тұрғындарға қайда көшетінін өздері таңдау мүмкіндігі берілген: олар Украина билігінің бақылауындағы аумаққа немесе Ресейге бара алады.