Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Станислав Черчесов алматылық «Қайрат» клубын тізгіндеуі мүмкін. Ресейлік маманның Грозныйдың «Ахмат» клубынан кетуі мүмкін деген ақпарат тарағаннан кейін оның «Қайратқа» бас бапкер болып келуі мүмкін екені айтыла бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz KazFootball.kz сайтына сілтеме жасап.
Дереккөздің мәліметінше, 63 жастағы Черчесовтың «Қайрат» басшылығымен қарым-қатынасы жақсы. Алайда әзірге ресми келіссөздердің басталғаны, оған келісімшарт ұсынылғаны немесе тараптардың ортақ шешімге келгені туралы ақпарат жоқ.
Қазір Черчесов 2025 жылғы маусымнан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ахмат» клубын жаттықтырады. Ресейлік БАҚ команданың кейінгі ойындардағы сәтсіз нәтижелерінен кейін оның қызметінен кетуі мүмкін екенін жазып жатыр.
Грозныйлық клуб Ресей Премьер-лигасының 13 турынан кейін 11 ұпай жинап, турнир кестесінде 14-орында тұр.
Егер Черчесовтың «Қайратқа» келуі туралы ақпарат расталса, ол Қазақстан құрамасынан кеткеніне екі жыл толмай жатып, еліміздің футболына қайта оралады.
Ол 2024 жылғы маусымнан 2025 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған. Алайда оның жетекшілігімен команда Ұлттар лигасында бірде-бір жеңіске жете алмады.
Ресейлік бапкердің тұсында Қазақстан құрамасы турнирде алты матч өткізіп, бір рет тең түсті және бес ойында жеңілді. Құрама қарсыластар қақпасына бірде-бір гол соға алмай, өз қақпасына 15 доп жіберді. Осылайша, турнирді 0:15 доп айырмасымен аяқтады.
Қазақстанға келгенге дейін Черчесов Ресей құрамасының бас бапкері болған. Ол 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында ұлттық құраманы ширек финалға дейін жеткізді.
Клубтық деңгейде Черчесов Польшаның «Легия» командасымен ел чемпионаты мен Кубогын жеңіп алған. Ал Венгрияның «Ференцварош» клубымен екі рет ел чемпионы атанып, Венгрия Кубогын иеленген.
Бапкерлік мансабында ол Мәскеудің «Спартак» және «Динамо», сондай-ақ, «Амкар», «Терек», «Жемчужина» клубтарын жаттықтырған. Бұдан бөлек, Аустрияның «Куфштайн» және «Ваккер-Тироль» командаларында жұмыс істеген.
Қазір «Қайраттың» бас бапкері міндетін Жора Арутюнян атқарып жүр.