28 қазанда жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы – жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы стратегиялық құжат. Оны жүзеге асыруға «Әділет» партиясы да бірден кірісті. Партия төрағасы Айбек Дәдебай Астанада партия активінің кеңейтілген отырысын өткізді. Сарапшылар қауымы партия мүшелерінің алдына қойылған міндеттерді талдап, саяси ұйымның идеялық миссиясына, заңнамалық басымдықтарына және халықпен жұмыс істеудің жаңа тетіктеріне назар аударды.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, «Әділет» партиясының Президент бағытын жүзеге асыруға белсенді араласуы оның жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі саяси ұйым ретіндегі мәртебесімен байланысты. Сарапшы партия құрылымының қызметі бастамаларды талқылаумен ғана шектелмейтінін айтады. Партия барлық өңірде салалық жобалық кеңселер ашу арқылы жергілікті деңгейде қоғамдық бақылауды жүзеге асырып, билік пен азаматтар арасындағы байланысты нығайтуға да атсалысады. Д. Әшімбаев қоғамның көзқарасын өзгертуге және қазақстандықтарды жасампаз бастамаларға тартуға айрықша мән береді.
– Қазақстандағы партиялардың даму тәжірибесі партияның міндеті тек Құрылтайдың заң шығару жұмысына қатысумен шектелмейтінін көрсетеді. Партия мемлекет, қоғам, бизнес және өңірлер арасындағы байланыстырушы буынның рөлін атқарып, тиімді кері байланысты қамтамасыз етуі керек. Ең бастысы, ел халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді реформаларды жүзеге асыруда Мемлекет басшысының сенімді көмекшісі болуы тиіс. Партияның алдында қоғамдағы масылдық көзқарас пен әлеуметтік алаяқтықты еңсеріп, азаматтарды Қазақстанның жаһандық даму жобаларына қатысуға бағыттау міндеті тұр. Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, халық өзі жариялаған «Халықтық құрылыс» бастамасына шамасы келгенше үлес қосуы керек. Ал осы бастаманы ілгерілету міндеті Тоқаевтың прогрессивті реформаларының алдыңғы шебінде тұрған «Әділет» партиясына жүктеледі, – деді Данияр Әшімбаев.
Партияның осы стратегиялық миссиясын институционалдық және құқықтық тұрғыдан қалай қамтамасыз етуге болатынына саясаттанушы Эдуард Полетаев тоқталады. Сарапшының сөзінше, «Әділет» партиясы Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдап, азаматтардың құқықтарын қорғау мен кәсіпкерлікті қолдауға арналған берік құқықтық негіз қалыптастыруға басымдық беріп отыр. Полетаев Ербол Адаев басқаратын партия фракциясы әзірлеп жатқан нақты бастамалар топтамасына назар аударады. Олардың қатарында көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп-ұстаудың ашық стандарттарын енгізу, тірек ауылдар мен моноқалалардың экономикасын қолдау, энергетика және көлік салаларын жаңғырту мәселелері бар. Сонымен бірге өңірлік жобалық кеңселердегі әрбір бағытқа Құрылтай депутаты жеке бекітілмек.
– Партия қызметінің тағы бір ерекшелігі – азаматтардың құқықтарын қорғау мен бизнесті қолдаудың маңызды шарты саналатын қажетті құқықтық базаны қалыптастыруға ұмтылуы. Партия активінің отырысында Президент бастамаларын заңнамалық тұрғыдан іске асыруға қатысты ұсыныстар таныстырылды. Басым бағыттардың қатарында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу, шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін пысықтау және инфрақұрылымның цифрлық моделін енгізу бар. Сондай-ақ «Халықтық құрылыс» бастамасына ерекше назар аударылды. Құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде тұрғындардың ұсыныстары ескерілмек, – дейді Эдуард Полетаев.
Заңнамалық және инфрақұрылымдық жоспарлардың азаматтардың күнделікті өміріне қалай әсер ететінін журналист Алмас Алтай түсіндіреді. Ол Айбек Дәдебай белгілеген партия жұмысының бес негізгі бағытына назар аударады. Алдағы бір айда партия азаматтармен, соның ішінде шалғай ауылдардың тұрғындарымен 3 мыңнан астам кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Бұл кездесулер құрғақ түсіндірумен шектелмей, халықтың нақты талаптары мен ұсыныстарын жинауға бағытталмақ. Сонымен қатар «Халықтық құрылыс» аясында «Біздің қала» партиялық жобасы бойынша атқарылған жұмыстар басқа өңірлерде де жалғасын табады. Партияның жастар қанаты еңбек жасақтарының санын арттыру, студенттерді ірі құрылыс нысандарына тарту, сондай-ақ жастардың жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды меңгеруіне қолдау көрсету бағытында жұмыс істейді. Ал осы ауқымды жұмыстың басты нәтижесі әрбір қазақстандық үшін нақты пайда әкелуі тиіс.
– Айбек Дәдебай осы отырыста партия қызметінің басты өлшемін де нақты атап көрсетті: халыққа тигізген пайда! Арқабайұлы ашығын айтып тұр – партия жұмысының нәтижесін бағалаудағы негізгі өлшем: халық үшін не жасалды, сол ғана! Өйткені халық үшін саяси мәлімдемелерден гөрі, сапалы жол, қолжетімді медицина, жайлы мектеп, дамыған инфрақұрылым, қорғалған кәсіпкерлік және шешілген әлеуметтік мәселелер әлдеқайда маңызды! Президент Жолдауындағы міндеттерді орындауға партияның осындай жүйелі жоспармен кірісуі – реформалардың ел өміріндегі күнделікті көрінетін іске айналуына жасалған қадам ғой, – деп түйіндейді Алмас Алтай.
Заңнамалық бастамаларды әзірлеу, өңірлерде қойылған міндеттердің орындалуын бақылау және мемлекет пен қоғам арасындағы ашық байланысты қамтамасыз ету бағыттарын қатар алып жүру арқылы партия стратегиялық бастамаларды нақты іске айналдыруға тікелей жауапкершілік алады.
Сондықтан алдағы бір айда «Әділет» партиясы Президент Жолдауын талқылауға арналған 3 мыңнан астам іс-шара өткізеді. Кездесулер барлық өңірді, соның ішінде ең шалғай ауылдарды да қамтиды. Оларға Құрылтай депутаттары қатысып, тұрғындармен ашық диалог орнатуға, олардың нақты сауалдары мен ұсыныстарын жинауға басымдық беріледі.
Бұл жұмыстың нәтижесі қабылданған құжаттар мен өткізілген жиындардың санымен емес, азаматтардың әр қала мен ауылда өмір сапасының нақты жақсарғанын қаншалықты тез сезінуімен өлшенеді.