2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,8 трлн теңгеге жетті. 1 сәуірден бері бұл көрсеткіш 2 трлн теңгеге жуық немесе 5,4%-ға өскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мұндай мәліметті Қаржы министрлігі жариялады. Доллармен есептегенде, мемлекеттік қарыз 88,3 млрд долларды құрайды. Ал мемлекет кепілдік берген берешекті қосқанда, жалпы сома 41,3 трлн теңгеге немесе 94 млрд долларға жуықтайды.
Үкімет кімге қарыз?
Қарыздың басым бөлігі Үкіметке тиесілі – 36,9 трлн теңге. Оның 28,8 трлн теңгесі, яғни шамамен 80%-ы ел ішінде алынған. Негізінен бұл – ұзақ мерзімді қазынашылық облигациялар. Үкіметтің олар бойынша берешегі 24,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл облигацияларды банктер, зейнетақы қоры және басқа инвесторлар сатып алады.
Үкіметтің сыртқы қарызы 8,1 трлн теңге. Қазақстанның ең көп берешегі еурооблигацияларды ұстаушылар алдында – 4,1 трлн теңге. Дүниежүзілік банкке 1,7 трлн теңге, Азия даму банкіне 559 млрд теңге, ал Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне 510 млрд теңге қарыз.
Есепте жаңа тармақ – 655,5 млрд теңге немесе 1,5 млрд доллар көлеміндегі панда-облигациялар пайда болған. Бұл – шетелдік қарыз алушылар Қытайда юаньмен шығаратын облигациялар.
Қазан айында Қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстанның Қытайдан жылдық 1,82% мөлшерлемемен 1,5 млрд доллар қарыз алғанын айтқан болатын.
Теңгенің нығаюы және сыртқы қарыз
Теңгемен есептегенде, Үкіметтің сыртқы қарызы сәуірден бері тіпті аздап қысқарған. Алайда бұған теңгенің нығаюы әсер еткен. 1 сәуірде доллар 481,54 теңге болса, 30 қыркүйекте 439,37 теңгеге дейін төмендеген.
Ал доллармен есептегенде, сыртқы қарыз керісінше 17 млрд доллардан 18,4 млрд долларға дейін өскен.
Әкімдіктердің қарызы артты
Ең жылдам өсіп жатқан қарыз – жергілікті билік органдарының берешегі. Сәуірден бері әкімдіктердің қарызы 20%-ға өсіп, 2,5 трлн теңгеден 3 трлн теңгеге жеткен.
Оның ішінде 1,1 трлн теңгені әкімдіктер Үкіметке, ал 1,9 трлн теңгені басқа кредиторларға берешек.
Мемлекет кепілдік берген қарыз көлемі де 2,2 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін өскен.
Бұған дейін
Бұған дейін Мәди Тәкиев депутаттарға мемлекеттік қарыздың айтарлықтай қауіп төндірмейтінін айтқан еді. Сол кезде ол қарыз көлемін 38,5 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 20,9%-ы деп көрсеткен. Ал белгіленген шекті деңгей – 32%.
Үкімет болжамы бойынша, 2029 жылға қарай мемлекеттік қарыз 59 трлн теңгеге дейін өседі. Ал 2027 жылы оны өтеуге 3,6 трлн теңге жұмсалады. Бұл денсаулық сақтау мен білім беру салаларына бөлінетін шығындарды қосқандағы сомадан да көп.