Қазақстан Ресей арқылы мұнай экспортын дрон шабуылынан кейін тоқтатты

Pixabay.com

Самарадағы ірі мұнай торабында шыққан өрт Қазақстанның экспорт бағыттарының бірін тоқтатты. Ресей түнгі дрон шабуылынан кейін «Атырау – Самара» құбыры арқылы мұнай қабылдауды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мұнай айдау таңға қарай тоқтады

2 қарашаға қараған түні ұшқышсыз ұшатын аппараттар Самара өндірістік-диспетчерлік торабына шабуыл жасады. Мәскеу уақытымен сағат 04:09-да осы бағыт бойынша қазақстандық мұнай тасымалдау тоқтатылды. Қазақстанның Энергетика министрлігі мұнай айдау тоқтағанын растады. Қазір мамандар шабуылдан кейін жабдықтардың жағдайын анықтап жатыр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, осы бағыт бойынша мұнай қабылдау жақын арада қайта басталады деп жоспарланып отыр.

Биыл тоғыз айда Қазақстан «Атырау – Самара» құбыры арқылы 7,57 млн тонна мұнай экспорттаған.

Самараға шабуыл алғаш рет жасалып отырған жоқ

Кейінгі бір айда Самара торабына бесінші рет шабуыл жасалды. Бұған дейін дрондар 2, 7, 10 және 11 қазанда соққы берген.

«Самара» станциясы «Транснефть» компаниясына тиесілі және Ресейдегі мұнай айдау мен сақтаудың ең ірі тораптарының бірі болып есептеледі. Станцияда жалпы сыйымдылығы 1,6 млн текше метрден асатын 71 резервуар бар. Торапқа төрт құбыр жалғасады. Олардың бірі – кезінде Гурьев – Куйбышев деп аталған «Атырау – Самара» мұнай құбыры. Осы құбыр арқылы қазақстандық мұнай Ресейдің құбыр жүйесіне, одан әрі сыртқы нарықтарға жеткізіледі.

Тамыз айында Қазақстан Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) қиындықтарға байланысты «Атырау – Самара» бағыты арқылы мұнай айдау көлемін арттырған еді.