Қазақстанның 11 облысында халық саны азайып барады: тұрғындар қайда көшіп жатыр?

Ulysmedia коллажы

Қазақстан халқының саны 20,6 миллионнан асты. Алайда өсім елдің барлық өңірінде байқалмайды. Астана мен Алматыға ондаған мың адам қоныс аударса, бірқатар облыста тұрғындар саны азайып барады. Әсіресе Түркістан және Жамбыл облыстарынан көші-қон күшейген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Туу көрсеткіші халық санының азаюына тосқауыл бола алмады

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазанда Қазақстан халқының саны 20 633 529 адамға жетті. Жыл басынан бері ел тұрғындарының саны 133,7 мың адамға өскен.

Сонымен қатар Қазақстанның 17 облысының 11-інде халық саны азайған. Тұрғындар саны ең көп қысқарған өңір – Түркістан облысы. Мұнда жыл басынан бері халық саны 7 796 адамға кеміген. Жамбыл облысында 6 082 адамға, Абай облысында 5 560 адамға азайған.

Бір қызығы, бұл өңірлердің басым бөлігінде дүниеге келген сәбилер саны қайтыс болғандар санынан көп. Демек, халық санының азаюына негізгі себеп – көші-қон.

Мәселен, Түркістан облысында табиғи өсім 24 224 адамды құрағанымен, көші-қон сальдосы минус 32 020 адам болған. Ал Жамбыл облысында табиғи өсім 9 430 адамға жеткен, бірақ көші-қон салдарынан 15 512 тұрғынға кеміген.

Астанаға 68 мыңға жуық адам қоныс аударды

Тоғыз айдағы халық санының ең жоғары өсімі елордада тіркелді. Қазір Астанада 1 707 150 адам тұрады. Жыл басынан бері қала тұрғындарының саны 67 974 адамға артқан. Оның 52 741-і – көші-қонның оң сальдосының нәтижесі.

Алматы тұрғындарының саны 44 002 адамға көбейіп, 2 392 105-ке жетті. Шымкентте халық саны 26 693 адамға өсіп, 1 320 743 адамды құрады.

Алматы облысында да тұрғындар саны 21 890 адамға артып, 1 618 422-ге жеткен.

Қала мен ауыл халқының өсімінде де айтарлықтай айырмашылық бар. Тоғыз айда Қазақстанның қала тұрғындары 169 048 адамға көбейіп, 13,25 миллионға жетті. Ал ауыл халқы, керісінше, 35 341 адамға азайып, 7,38 миллион адамды құрады.