Алматы жұрты "Отбасы банк" бөлімшесінде ұзын-сонар кезекке тұрды

Видеодан алынған кадр

Алматыда "Отбасы банк" бөлімшелерінің бірінің алдында ұзын-сонар кезек пайда болды. Тұрғындар ипотекаға өтінім беруге асыққан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Әлеуметтік желілерде банкке кіреберісте жиналған жұрттың видеосы тарады. Кадрлардан банкке баруға ниеттілердің қарасы қалың екенін байқауға болады.

Бұл жағдай «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңі басталған тұспа-тұс келді. 3 қарашада бағдарламаға 20 млрд теңге бөлінді. Сағат 11:30-дағы мәлімет бойынша, банкке 300 өтінім түскен.

Өтінім берушілер санының күрт артуына байланысты онлайн сервистердің жұмысында да іркіліс болған.

– Өтінім қабылдаудың алғашқы күні банк сервистеріне түсетін жүктеме өте жоғары болды. Соның салдарынан кейбір клиенттер кеңес алу және құжат тапсыру кезінде кідірістерге тап болды. Қазір банк сервистердің тұрақты жұмысын қалпына келтіру үшін шаралар қабылдап жатыр, – деп хабарлады «Отбасы банк» баспасөз қызметі Ulysmedia редакциясына.

Контекст

Еске салайық, бұған дейін 3 қарашадан бастап «Отбасы банк» әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасының екінші кезеңіне өтінім қабылдай бастағанын хабарлаған едік. Бұл жолы Азия даму банкі бағдарламаға 20 млрд теңге бөлді. Бұл бірінші кезеңдегі қаржыдан екі есе көп.