"Ұмай" әйелдер ипотекасы қайта басталды: өтінімді қалай үлгеріп беруге болады?

Ulysmedia коллажы

3 қарашадан бастап «Отбасы банк» әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасының екінші кезеңіне өтінім қабылдай бастады. Бұл жолы Азия даму банкі бағдарламаға 20 млрд теңге бөлді. Бұл бірінші кезеңдегі қаржыдан екі есе көп, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ипотека шарттары өзгерген жоқ. Бағдарлама бойынша 50 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Жылдық мөлшерлеме – 14,8%. Ал несиенің барлық шығынын ескеретін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 16,3%-дан 16,8%-ға дейін.

Кімдер ипотека ала алады?

Отбасының айлық табысы 1,25 млн теңгеден аспауы керек. Кейінгі алты айдағы кірісті ресми түрде растау қажет.

Әйелдің жеке табысы жеткіліксіз болса, екі адамға дейін қосалқы қарыз алушы тартуға болады. Олардың міндетті түрде туысы болуы шарт емес.

Әйелдің меншігінде баспана болса да, бағдарламаға қатысуына кедергі жоқ. Үйді Қазақстанның кез келген өңірінен сатып алуға болады. Тіркелген мекенжайдың маңызы жоқ.

Бастапқы жарна Астана мен Алматыда 20%-дан, басқа өңірлерде 15%-дан басталады.

Алайда банк несие сомасын екі көрсеткіштің төменгісі бойынша есептейді: сатып алу-сату шартындағы баға немесе пәтердің бағалау құны. Егер бағалаушы баспананың құнын сатушы белгілеген бағадан төмен көрсетсе, айырмасын сатып алушы өз қалтасынан төлеуі керек.

Қандай баспана сатып алуға болады?

Бағдарлама бойынша:

  • жаңадан салынған үйден дайын пәтер;

  • Қазақстанның тұрғын үй компаниясының кепілдігі немесе сақтандыруы бар салынып жатқан үйден пәтер;

  • 2016 жылдан кейін салынған үйдегі қайталама нарықтағы пәтер сатып алуға болады.

Пәтер әйелдің атына рәсімделеді. Ол некеде болса, баспана ерлі-зайыптының ортақ мүлкі саналады. Өтінім берген кезде күйеуі банкке жеке келуі керек.

Өтінімді қалай беруге болады?

Өтінімдерді банк сайтында бейнебайланыс арқылы, «Баспана Маркет» жеке кабинеті арқылы, банк кеңесшілерінің көмегімен немесе бөлімшеде беруге болады.

Банк өтінім бермес бұрын несие бойынша мерзімі өткен берешектің, салық қарызы мен төленбеген айыппұлдардың бар-жоғын тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ зейнетақы жарналарының уақытылы аударылғанына көз жеткізу қажет.

Несие сомасына әйел пайдаланбайтын кредиттік карталар да әсер етуі мүмкін. Банк олардың ашық лимиттерін есепке алады.

Бірінші кезең қалай өтті?

Бағдарламаның бірінші кезеңі 31 тамызда басталды. Ол кезде 9 млрд теңге бөлінген.

Банк 855 өтінім қабылдады. Қаражат жеті сағаттың ішінде таусылды.

Қазан айының соңына қарай бағдарламаға қатысқан 420 әйел баспана сатып алған. Тағы 230-ға жуық қатысушы пәтер іздеп жүрген.