Қазақстанда көлік министрі ауысты. Нұрлан Сауранбаевтың орнына Әсел Жанасова тағайындалды. Ол премьер-министрдің орынбасары қызметін де атқарады. Бұған дейін Президент әкімшілігінде жұмыс істеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әсел Жанасова кім?
Тағайындау туралы жарлыққа Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Әсел Жанасова Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымға 2025 жылғы желтоқсанда тағайындалған еді.
Көлік министрлігінің жаңа басшысы 39 жаста. Алматы қаласында дүниеге келген. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Кембридж университетін бітірген. Кейін Мәскеу мемлекеттік университетінде Executive Management бағдарламасы бойынша білім алған.
Жанасова еңбек жолын Лондонда бастаған. 2010-2014 жылдары Eurasian Natural Resources Corporation компаниясында ақпараттық технологиялар және олардың қауіпсіздігі саласында жұмыс істеген.
Қазақстанға оралғаннан кейін Ұлттық банкте еңбек етті. «Зерде» холдингін басқарды, «Астана» халықаралық қаржы орталығында цифрлық технологияларға жауап берді.
2020 жылы сауда және интеграция вице-министрі болды. Екі жылдан кейін «Қазпошта» компаниясының басшылығына келіп, 2025 жылғы маусымға дейін осы қызметті атқарды.
Одан кейін президенттің кеңесшісі болып тағайындалды. Сол жылдың желтоқсанында Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне ауысты.
Көлік министрлігіне қандай міндеттер жүктелді?
Жанасованы тағайындау президент жолдауынан бірнеше күн өткен соң жүзеге асты. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласындағы мәселелерді көтерген еді.
Мемлекет басшысы автомобиль жолдарының жағдайына назар аударып, Үкіметке олардың сапасы мен күтіп-ұсталуына бақылауды күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, Көлік министрлігі бүкіл елдегі жолдардың, соның ішінде әкімдіктердің қарауындағы жергілікті трассалардың сапасына жауап беруі керек.
Президент шекарадағы өткізу бекеттерінде жиналатын кезектер мәселесін шешіп, оларды қайта жаңғыртуды 2027 жылы аяқтауды да талап етті.
Бұдан бөлек, теміржол инфрақұрылымын дамыту, әуежайларды жаңғырту және тасымал саласын цифрландыру міндеттерін атады.
Еске салайық, Әсел Жанасованың алдындағы министр Нұрлан Сауранбаев Көлік министрлігін 2025 жылғы 30 маусымнан бастап басқарды.