«Сауатсыз актер»: «Қазақфильмнің» экс-басшысы қазақ киносының тарихын неге білмейді

Ulysmedia.kz коллажы

Режиссер Елзат Ескендір актер Азамат Сатыбалдының қазақ киносы туралы пікірін сынға алды. Оның айтуынша, актер әлемдік киноның тарихы мен қазіргі үрдістерінен ғана емес, өзі еңбек етіп жүрген қазақ киносының жетістіктерінен де бейхабар екенін көрсеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстандық актерлердің танымы неге таяз?

Елзат Ескендір Facebook парақшасында «Сауатсыз актерге сауатты жауап» атты жазба жариялап, Азамат Сатыбалдының Мәулен Әшімбаевтың подкастындағы пікірлеріне қарсы уәж айтты. Режиссер отандық актерлердің әлемдік кино туралы танымы таяз екенін айтып, бұған актерлерді даярлау жүйесі мен олардың өздігінен ізденбеуі себеп деп санайды.

Режиссердің сөзінше, қазақстандық актерлердің басым бөлігі әлемдік кино десе, тек Голливудты біледі.

«Біздің театр актерлері әлемдік кинодан мүлдем сауатсыз. Әлемдік киноның тенденцияларын, бағыттарын, онда нендей өзгерістер, қандай жаңалықтар болып жатыр оны мүлде білмейді. Білетіндері тек Hollywood. Онда да бергі, беткі қабығы. Саржағал басылымға не шығып, масса не тұтынса – актерлердің де білетіні сол деңгей. Үлгі тұтатын актерлері Брэд Пит, Леонардо Ди Каприо, Анджелина Джоли дегендей. Француз киносында Жан-Луи Трентиньян сияқты шебердің, италия киносында Моника Витти, Марчелло Мастроянни сияқты саңлақтардың, тіпті, сол Hollywood-тың өзінде, 1970-жылдардағы “Жаңа Hollywood”-тың актерлік бет-бейнесі болған Дастин Хоффманның қарапайым адамдардың тамаша галереясын жасаған қаншама фильмдерінен мүлде хабарсыз», – дейді ол.

Ескендір мұндай жағдайдың кастинг кезінде де қиындық туғызатынын айтады. Авторлық, экзистенциалды және психологиялық фильм түсіретін режиссерлер актерлермен шығармашылық бағыт, стиль, фильмнің ырғағы мен актерлік ойын туралы сөйлескісі келгенде, олардың көпшілігі қажетті туындыларды көрмеген болып шығады. Сондықтан режиссер бәрін басынан түсіндіріп, фильмдерді арнайы көруге тапсырма беруге мәжбүр. Алайда актерлердің көбі оған да жеткілікті көңіл бөлмейді.

«Неге біздің актерлер осындай болды?» деген сауалға режиссер екі себеп келтіреді. Біріншісі – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлерді негізінен театр бағыты бойынша даярлау. Оның пікірінше, оқу орындарында кино өнеріне театрмен бірдей мән берілмейді. Екіншісі – актерлердің өз бетінше ізденіп, әлемдік киноны зерделеуге құлықсыздығы.

Ескендірдің пайымдауынша, әлемдік киноны тану актердің кәсіби деңгейі үшін маңызды. Ол Голливудта жұмыс істейтін Брэд Питттің өзі Андрей Звягинцевпен жұмыс істеуге мүмкіндік ала алмағанын, ал Тильда Суинтон мен Стеллан Скарсгардтың ресейлік режиссердің шағын рөліне түсуге дайын болғанын мысалға келтіреді.

Режиссерді Азамат Сатыбалдының қазақ киносының халықаралық жетістіктері туралы айтқан пікірі ерекше қынжылтқан. Подкастта актер қазақ киносы «А» санатындағы халықаралық кинофестивальдерге қатыспағанын, жүлде алған күннің өзінде мұндай жетістікке бір-ақ рет, оның өзінде оператордың арқасында жеткенін айтқан. Елзат Ескендір мұны актердің отандық кино тарихынан мүлде бейхабар екенін көрсететін пікір деп бағалады.

«Актер Сатыбалды білмесе, біз айтайық, қазақ киносы “А” санаттағы фестивальдерге кеше-бүгін емес, сонау 1990-жылдардың басында-ақ, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінің өзінде қатысып, анау-мынау емес, оның негізгі конкурстарына еніп, үлкен-үлкен жүлделерге ие болған. Ол деңгейге жеткізген режиссердің есімі – Дәрежан Өмірбаев», – деп жазды режиссер.

Қазақ киносын әлемге танытқан режиссер

Елзат Ескендір қазақ киносының халықаралық фестивальдердегі жетістіктері тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан басталғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл ретте режиссер Дәрежан Өмірбаевтың еңбегі айрықша.

«Дәрежан Өмірбаев 1992-жылы өзінің дебюттік “Қайрат” фильмімен алғашқы үштіктен кейінгі “А” класты Локарно кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысып, «Күміс леопард» жүлдесін жеңіп алған. Содан кейін, тұңғыш рет «А» класты үштіктің, яғни оның ішінде Венецияның негізгі конкурстық бағдарламасына қатысқан алғашқы қазақ киносы Дәрежанның «Кардиограмма» фильмі болды. Іле, 1998-жылы Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» конкурстық бағдаламасына қазақ киносы ретінде тағы да бірінші рет қатысып, бірінші рет Каннан бас жүлдені иеленген тұңғыш қазақ киносы «Киллер» еді», – дейді маман.

Режиссер бұл жетістіктерді қазақ киносының халықаралық деңгейге көтерілуіндегі маңызды кезең деп санайды. Оның сөзінше, бүгінгі таңда фильмдері Канн кинофестиваліне тұрақты шақырылып жүрген қытайлық Цзя Чжанке мен түркиялық Нури Бильге Джейлан да Дәрежан Өмірбаевтың шығармашылығын жоғары бағалайды.

«Тіпті, осыдан екі жыл бұрын Нури Бильге Джейлан Қазақстанға, “Еуразия” кинофестиваліне келгенде “Қазақстанды – Дәрежан Өмірбаевтың елі” деп білем дегенінің өзі неге тұрады. Ал актер Азамат Сатыбалды мұның біреуін де білмеуі де мүмкін», – дейді Елзат Ескендір.

Режиссер қазақ киносының халықаралық жетістіктері мұнымен шектелмейтінін де атап өтті. Мәселен, 2013 жылы Эмир Байғазиннің «Үндестік сабақтары» («Уроки гармонии») фильмі Берлин кинофестивалінің негізгі конкурсына қатысып, қоюшы операторға берілетін «Күміс аю» жүлдесін иеленді. Байғазиннің «Жаралы періште» фильмі де Берлиннің конкурстық бағдарламасына енген. Ал 2018 жылы оның «Өзен» фильмі Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» («Горизонты») бағдарламасында «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алды.

«Міне, мұның бәрі актер Азамат Сатыбалды айтып отырғандай емес, қазақ киносы әлдеқайда жоғары деңгейге өрлеп кеткенін көрсетеді. Сондықтан “мешкей деген жақсы атақ емес” дегендей, сауатсыздық деген жақсы емес. Өзің білмейсің, елге де білгізбейсің. Ең қиыны, бар дүниені көре алмай қорлайсың», – деп күйінеді режиссер.

«Киногерлердің бәрін бірдей айыптауға болмайды»

Елзат Ескендір Азамат Сатыбалдының подкаста айтқан басқа пікірлерімен де келіспейді. Атап айтқанда, актер мемлекеттен қаржы алып кино түсіретін режиссерлер мен продюсерлерді фильмнің көркемдік және қаржылық нәтижесінен гөрі, бөлінген бюджеттен пайда табуды көздейді деп сынаған.

Режиссер мұндай жағдайлардың бар екенін жоққа шығармайды. Алайда жекелеген мысалдарға қарап, бүкіл режиссер мен киногерді бірдей айыптауды орынсыз санайды. Оның айтуынша, мемлекет бөлген қаржы фильмді аяқтауға жетпеген жағдайда жеке қаражатын, тіпті соңғы тиынына дейін салып, туындысын жарыққа шығаруға тырысатын режиссерлер де бар. Сондықтан мұндай адамдардың еңбегі мен өнерге деген адалдығын жоққа шығаруға болмайды.

Осы тұста Ескендір Азамат Сатыбалды «Қазақфильм» киностудиясының президенті болып тұрған кездегі өзара әңгімені де еске алды.

Режиссердің айтуынша, ол «Әбіл» фильміне қатысты туындаған қиындықтарды талқылау үшін Сатыбалдының кабинетіне барған. Сол кезде фильмді аяқтау үшін өзінің бүкіл қаламақысын салуға дайын екенін айтқан. Алайда актер жобаның өзіне дейін өндіріске жіберілгенін алға тартып, мәселені шешуге араласудан бас тартқан.

«Бұл маған дейін өндіріске жіберілген жоба, сондықтан менің бұған қатысым жоқ» деп мәселеден басын ала қашқанын ұмытып қалды ма екен?! Кейін фильмнің қалған бөлігін түсіріп, жарыққа шығару үшін таймас табандылық танытқанымыздан кейін ғана бір ымыраға келіп, келісім берген еді. Бүгінде актер Сатыбалды оны білмей тұр», – деп жазды режиссер.

Киноның табысы тек кассадағы түсіммен өлшенбейді

Ескендір актердің Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жұмысы туралы пікірін де сынға алды.

Азамат Сатыбалды подкаста орталық жеті жыл ішінде жүзден астам жобаны жарыққа шығарғанымен, соның екеуі ғана шығынын ақтағанын айтқан. Актердің пікірінше, көрерменге жете алмаған фильмдерді шығаруға сонша қаржы жұмсаудың қажеті жоқ. Режиссер бұл тұжырыммен келіспейді.

«Анығында, осы 7 жылда қаншама мықты туындылар жарыққа шыққанын біле ме екен?! Солай айта отырып, “біз “Капитан Байтасов” деген дүниені жарыққа шығарып едік, алайда оның маркетингіне киностудия мүлде қаржы бөлмей қойды. Әйтпесе, фильмге сұраныс жақсы болған еді.” дейді. Яғни, өзі түскен фильм жақсы түсірілген, тек маркетингі жоқтықтан халыққа жетпей қалды. Ал елдің фильмі халыққа жетпесе оған режиссер мен продюсер айыпты екен. Бір сөзіне бір сөзі қайшы деген осы. 7 жылда Кино орталық біршама жақсы туындылар жарыққа шықты. Тек көбі мемлекет тарапынан маркетинге қаржы қарастырылмағандықтан “Капитан Байтасов” сияқты кең көлемде халыққа жетпей қалды», – деп жазды ол.

Елзат Ескендір подкаста актердің бұдан да басқа бірнеше даулы пікір айтқанын жазып, жазбасын «Қазақфильм» киностудиясының бұрынғы басшылығына қатысты сауалмен түйіндеді.

«Жалпы, кезінде Президент Әкімшілігіндегі немесе Мәдениет министрлігіндегі біреулер кино өнері, оның ішіндегі қазақ киносы жайындағы сауаты осы деңгейдегі адамды да “Қазақфильм” киностудиясына президент етіп тағайындады-ау», – дейді режиссер.