Заңгер Дәулетхан Ахметовтің мәліметінше, ақын Ербол Бықыбаев Тараз қаласында ұсталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Адвокаттың айтуынша, Бықыбаев қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған. Оған бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып терроризмді насихаттады деген айып тағылып отыр. Бұл әрекет Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 256-бабының 2-бөлігіне сәйкес сараланған.
Заңгер аталған бап бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын атап өтті.
Дәулетхан Ахметов ақынның ұсталуына әлеуметтік желілерде бейнеролик таратуы себеп болуы мүмкін екенін болжады. Онда ақын пайғамбарға тіл тигізген адамдарды өткір сынға алған.
Ерболат Бықыбаев кім?
Ербол Бықыбаев әлеуметтік маңызы бар тақырыптарға, соның ішінде Шерзат Полаттың ісіне қатысты өткір өлеңдерін жариялау арқылы интернетте кеңінен танылған.