АҚШ-та Нобель сыйлығының лауреатымен бірге жұмыс істеген қазақ физигі қайтыс болды

prokadrykz

Белгілі физик әрі өнертапқыш Манат Мәуленбай өмірден өтті. Ол Еуропаның ірі ғылыми орталықтарында еңбек етіп, кванттық физика саласында зерттеулер жүргізген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақ ғалымының жолы

Қайғылы хабарды Қазақ ғалымдары мен технология саласындағы мамандардың халықаралық QIST қауымдастығы және Калифорниядағы MCC East Bay мұсылман қоғамдық орталығы жеткізді. Алайда ғалымның неден қайтыс болғаны әзірше белгісіз.

Манат Мәуленбай Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында дүниеге келген. 1983 жылы Шыңжаң университетінің физика факультетін бітіріп, Қытай Ғылым академиясында еңбек жолын бастады.

Сол жерде жас зерттеушіге физика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Сэмюел Тинг назар аударған. Ол Мәуленбайды кванттық физикамен айналысатын халықаралық ғылыми топқа шақырған.

1988 жылы ғалым Швейцарияға қоныс аударды. Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымында (CERN) және Цюрихтегі Швейцария жоғары техникалық мектебінде (ETH Zurich) жұмыс істеді. Еуропада кванттық электродинамика бойынша докторлық диссертациясын қорғады.

Соңғы жылдары

1990 жылдардың ортасында ғалым АҚШ-қа көшіп, біртіндеп іргелі физикадан медициналық технологиялар саласына бет бұрды.

2025 жылы әріптестерімен бірге AIxSCAN стартапын құрды. Команда өкпені тексеруге арналған аппарат пен дәрігерлерге қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға көмектесетін жасанды интеллект бағдарламасын әзірледі.

Ғалым сұхбаттарының бірінде диагностиканы жылдамдатып, көп адамға қолжетімді етуді мақсат еткенін айтқан.

Отбасы бір кездері ашаршылықтан қашқан

Манат Мәуленбайдың отбасы тарихы Қазақстанмен тығыз байланысты. Анасы жағынан әжесі Шығыс Қазақстанда тұрған. 1930 жылдары оның отбасы мал-мүлкінен айырылып, ашаршылықтан аман қалу үшін Қытайға қашуға мәжбүр болған. Арада ондаған жыл өткен соң туыстары бір-бірін қайта тапқан.

Ғалым шетелде тұрса да, Қазақстандағы ғылымның дамуына қызығушылық танытып, елдің ғылыми және экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану жолдары жөнінде ұсыныстарымен бөліскен.

Өмірінің соңғы жылдарын ол Калифорнияда өткізді.