Пәтер қымбаттауы мүмкін: құрылысшылар жаңа Салық кодексіне қарсы петиция бастады

aqtobegazeti.kz

Қазақстан құрылысшылар одағы ҚҚС мөлшерлемесін 16%-дан 14%-ға төмендетуді талап етіп, петиция жариялады. Құрылысшылардың пікірінше, жаңа Салық кодексі бизнес шығындарын арттырды. Соның салдарынан құрылыс қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Петиция Ұлттық экономика министрлігіне жолданды. Құрылысшылар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген кодекстің үш нормасын өзгертуді ұсынады.

ҚҚС мөлшерлемесі

Қосылған құн салығы (ҚҚС) тауарлар мен қызметтердің басым бөлігінің бағасына кіреді. 2026 жылдан бастап оның мөлшерлемесі 16%-ға дейін өсті.

– Мөлшерлеменің көтерілуі тауарлар мен қызметтердің бағасындағы салық көлемін арттырады. Компанияларға айналым қаражаты көбірек қажет болады, ал түпкілікті баға өседі. Құрылыста материалдар, жабдықтар мен мердігерлік жұмыстар қымбаттайды. Демек, құрылыс құны да артады, – делінген петицияда.

ҚҚС бойынша тіркеу шегі

Құрылысшылар ҚҚС төлеуге міндетті болатын айналым шегін де көтеруді сұрайды. Қазір ол жылына 10 мың АЕК немесе 43,25 млн теңге. Құрылысшылар бұл межені 120 млн теңгеге дейін жеткізуді ұсынады.

– Айналым әрдайым нақты пайданы көрсете бермейді. Құрылыс компанияларының айналымының басым бөлігі материалдарға, жабдықтарға, жалақыға және қосалқы мердігерлерге жұмсалады, – деп түсіндіреді петиция авторлары.

Сонымен қатар шағын компаниялар ірі тапсырыс берушілермен жұмыс істегісі келсе, ҚҚС бойынша ерікті түрде тіркелу құқығын сақтап қалуы керек.

Оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейтін жеткізушілер

Үшінші ұсыныс кодекстің 286-бабының 16-тармақшасына қатысты. Қазір компаниялар оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін жеткізушілерден сатып алған тауарлар мен қызметтерге жұмсаған шығындарын салық салынатын табыстан шегере алмайды. Оңайлатылған декларацияны негізінен шағын бизнес қолданады.

Осының салдарынан бас мердігерлерге шағын жеткізушілермен жұмыс істеу тиімсіз. Олар не ынтымақтастықтан бас тартуға, не көбірек салық төлеуге мәжбүр.

– Негізделген әрі құжатпен расталған шығындарды есепке алу құқығы серіктестің салық режиміне тәуелді болмауы керек, – деп есептейді құрылысшылар.

Контекст

Еске салайық, қазан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Салық кодексіне нақты түзетулер әзірлеп, бизнеске түсетін артық салмақты алып тастауды тапсырған еді.